Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

31.01.2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пешаварда болған алапат жарылысқа байланысты Пәкістан президенті мен премьер-министріне көңіл айту жеделхатын жолдады. «Қазақстан халқының атынан және өз атымнан қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып, көңіл айтамын. Біз Пәкістан халқымен біргеміз», – делінген жеделхатта. Соңғы мәліметке қарағанда, Пешавар мешітіне жасалған шабуылда көз жұмғандар саны 100 адамға жеткен. 

Пәкістанның солтүстік-батысындағы Пешавар қаласында бүгін жерлеу рәсімі басталды. Ал алапат жарылыс құрбандарының саны тіпті өсуі мүмкін. Өйткені талай адам үйінді астында қалып қойса керек.
Жанкешті беліндегі бомбаны мінәжат етушілердің алдыңғы қатарында тұрып іске қосқанда мешітте 300-ден астам адам болған. Ал шабуылшының полиция және терроризммен күрес бөлімшелері орналасқан әрі күзеті өте сақ мешітке қалай кіргені белгісіз.

Шаббир Хан, жергілікті тұрғын:

Пәкістандықтар үшін бомба жарушылардың мешіттерге кіре алуы қатты алаңдатады. Қаншама адам шейіт болды. Олар әдемі жандар еді, біреудің баласы, біреудің әкесі дегендей. Кейбіреулері отбасыларының жалғыз асыраушысы шығар. Үлкен мәселе. Сонда мемлекеттік органдар біздің қауіпсіздігімізді қалай қамтамасыз етпек?
Сұмдық қастандықты кім жасады? Бұл сауал әзірге жауапсыз. Әуелде «Пәкістандық Талибан» мешітті қанға бөктіргенін хабарлаған еді. Арада бірнеше сағат өткенде тәліптер сол мәлімдемесін қайта жоққа шығарды. Тергеу жүріп жатыр.

Соңғы мәліметке қарағанда, намаз кезінде жарылған бомбадан кемінде 170 адам жараланды. Олардың кейбірі қазір хал үстінде жатыр.

Мұхаммед Біләл, әлеуметтік қызметкер:

Біз ішке кіріп, шамамен жараланған жеті адамды шығарып, ауруханаға жеткіздік. Олардың екеуі жолда қайтыс болды, қалғандары госпитальге нашар халде апарылды. Мешіттің алдыңғы жағы бұзылған. Оның астында көп адам қалып қойды. Алайда нақты санын білмейміз.

Негізінен сүннит мұсылмандар тұратын Пәкістанда мұндай шабуылдар қарашада қайта жиілей бастады. Дәл сол айда жергілікті тәліптер үкіметпен арадағы атысты тоқтату туралы ымырадан шыққан еді.

Пешавар болса, негізінен пуштун тайпалары мекендейтін аймақ. Ол тайпалар соңғы 15 жылда билікке қарсы бірнеше рет көтеріліп, ислам заңдарының қатаң сақталуын және өздері тұратын аудандарда пәкістандық әскерилер санын қысқартуды талап етті.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу