ОСК «Байтақ» және «Республика» партияларына тағы бірнеше өңірдегі мәслихат сайлауына қатысуға рұқсат берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОСК «Байтақ» және «Республика» партияларына тағы бірнеше өңірдегі мәслихат сайлауына қатысуға рұқсат берді

29.01.2023

Осы аптада Сенат жасақталып бітті. Спикері болып қайта Мәулен Әшімбаев сайланғанымен, жоғары палатаның 80 пайызы жаңарған. 13 депутаттың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, Талғат Мұсабаев, Дана Нұржігіт енді жоғары палата депутаты емес. Ал жаңа сенаторлардың ішінде бұған дейін Жоғарғы сотты басқарған Жақып Асанов бар. Ол Сенаттың вице-спикері болып сайланды. Осы аптада ол журналистерге бұрынғы қызметі бойынша бір қуанышы мен бірі өкінішін айтты. Жақып Асанов кездейсоқ адамдар судья бола алмайтындай тәртіп орнатқанын, сол процессті мұқият сүзгіден өткізетін жүйе қалыптасқанын жетістік санайтынын айтты. Ал өкініші: біліксіз әріптестері екен. Цитата:

«Өте өрескел заңбұзушылықтар жіберген әріптестерім үшін ұяламын. Ал менің қолым байлаулы болды. Былтыр журналистермен кездескенде, олар мынадай сұрақ қойып еді: судья үшін не маңызды? Мен «Тәуелсіздік» дедім».

Ал Мәжіліс қаншалықты жаңарады екен? Алдағы екі айдағы қызық пен шыжық төменгі палата төңірегінде болатын сияқты. Осы аптадағы негізгі жаңалықтар: Орталық сайлау комиссиясы «Байтақ» және «Республика» партияларына тағы бірнеше өңірдегі мәслихат сайлауына қатысуға рұқсат берді. Мәселен «Байтақ» Жасылдар партиясы енді 15 облыстан мәслихат депутаттығына кандидат ұсынса, «Республика» партиясы 19 өңіріндегі мәслихат сайлауына қатыса алады.

Мәслихаттар депутаттығына кандидат тізімін ұсыну 8 ақпанға дейін жалғасады. Егер екі партия соған дейін басқа өңірлерде филиалдарын ашса, сол өңірдегі сайлауға қатысуға мүмкіндік алады.

Нұрлан Әбдіров, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партиялардың тізімінде әйелдер мен жастарға 3-ші санаттың өкілдері қосылды. Бұл - мүгедектігі бар адамдар. 3 санаттың жалпы квотасы 30 пайыздан кем болмауы тиіс.

Атап өтерлігі, осыған дейінгі Мәжіліс сайлауында бес пайыздан артық жинаған партиялар осы жолы жарнасыз қатысады. Бұл тізімде «Аманат», «Ақ жол», «Ауыл» және «Қазақстан халық партиясы» бар. Ал 3 пен 5 пайыз аралығында дауыс жинағандар жарнаның 50-70 пайызын төлейді.

Мәжіліс депутаттығына өзін-өзі ұсынғандар 1 млн теңге жарна төлеуі тиіс, мәслихат депутаттығына кандидаттар 350 мың теңге. Биыл Парламенттің төменгі палатасына 98 депутат сайланбақ. Олардың 69-ы партиялық тізім бойынша, 29-ы можаритарлық жүйемен. Кандидаттарға қойылатын талаптар мынадай: біріншіден, Қазақстан азаматы болуы, соңғы 10 жылда ел аумағында тұруы тиіс және жасы 25-тен асуы керек.

Аманкелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу