30 қаңтардан бастап Ұлттық арнадан «Сезім толқыны» телехикаясы эфирге шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

30 қаңтардан бастап Ұлттық арнадан «Сезім толқыны» телехикаясы эфирге шығады

28.01.2023

30 қаңтардан бастап «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан «Сезім толқыны» телехикаясы эфирге шығады. Туындыға Толқын есімді бойжеткеннің қиын да қызықты тағдыры арқау болған. Ол қарт Каспийдің жағасында бақытын табады. Дәл осы сәттен бастап жас қыздың өмірі де күрт өзгереді.

Арпалыс. Күрес. Жанталас. Тағдыры тауқыметке толы бойжеткен бақыт үшін күресіп, өмір үшін арпалысады. «Сезім толқыны». Махаббат пен мейірімге бөленіп өскен Толқынның бір-ақ сәтте құбылған тағдырын суреттейді.

Бірақ Толқын анасының мейірімін дәл осылай ұзақ сезініп, өмірге көп еркелей алмады. Құмар ойынның батпағынан шыға алмай ажал құшқан әкесінің бітпейтін қарызы анасы Сәулеге маза бермеді. Ол да жанын жегідей жеген уайыммен үнсіз алысты.

Сәуле – қиын кезеңдерді жалғыз өткеріп, балаларына оның бірін де көрсетпеген батыл келіншек. Бірақ ұл-қызына «қорған» боламын деп арпалысқан ана оларды қорғансыз қалдырады.

Бойжеткеннің шерменде күйін кім түсінсін... Арбаға таңылған бауырымен бірге жетім қалған Толқын анасы кеткелі жарығы сөніп, үміті үзілгендей күй кешеді. Қоғамда Толқынның тағдырын кешкендер бар. Бірақ сынып кетпеуге, құлап кетпеуге Толқын секілді ерік-жігер керек. Автор осыны жеткізгісі келгендей.

Әкесі көзі тірісінде Қаныш есімді досымен құда болуға ниет етіп, балаларын үйлендіруге күні бұрын уәделескен. Екі достың арманы орындала ма?!

Қаныштың ұлы Әли мен Толқынның бақыты дәл осы қарт Каспийдің жағасында басталады.

Алайда бұл сүйіспеншілік пен қамқорлыққа ыза мен кек те параллель. Өткеннің жаңғырығы Әли мен Толқынның бақытына кедергі келтіреді.

Телехикаядан баласы үшін жан беруге бар ананы көресің. Болмашы сәтсіздікке булығып, ашу мен ызаның шыққан шегін бостандыққа балайтын жасты көресің. Бақыт үшін күрескен кейіпкерді де көресің. Хикая идеясының мазмұны да осы тұс. Көрермен керегін алады. Толқынның тағдыры енді қалай өріледі? 30 қаңтардан бастап «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан эфирге шығатын «Сезім толқыны» телехикаясынан көріңіз.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу