Елімізде алдағы үш жылда 1300 шақырымға жуық темір жол салынбақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде алдағы үш жылда 1300 шақырымға жуық темір жол салынбақ

27.01.2023

Елімізде алдағы үш жылда 1300 шақырымға жуық темір жол салынбақ. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының төрағасы айтты. Нұрлан Сауранбаев Мемлекет басшысына атқарған жұмыстарының нәтижесі мен алдағы жоспарлары жайлы баяндады. Айтуынша, «Қазақстан темір жолының» жүк тасу айналымы 252 миллиард тонна-шақырымға жеткен. Бұл – еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіші. Бұдан бөлек, Сауранбаев Президентке халықаралық көлік дәліздерін дамыту және Ақтау, Құрық теңіз порттарының өткізу қабілетін кеңейту жұмыстарының барысы, сондай-ақ шетелдік ірі көлік-логистикалық компаниялармен ынтымақтастық мәселелері жөнінде айтты.

Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:
Үш жылда барлығы 1300 шақырымға жуық темір жол салу жоспарланып отыр. Бұл жүк тасымалының көлемін ұлғайтып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Теміржол құрылысында пайдаланылатын қазақстандық өнімдер мен қызметтердің үлесі 85 пайыз.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу