Бүгін ОСК жаңадан сайланған депутаттарды ресми тіркеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін ОСК жаңадан сайланған депутаттарды ресми тіркеді

25.01.2023

Бүгін Орталық сайлау комиссиясы жаңадан сайланған депутаттарды ресми тіркеді. Бұл құрамның жұмысы да ерекше болмақ. Өйткені, Конституцияға сәйкес енді Сенат Мәжіліс қабылдаған заң жобаларын қабылдамайды, тек депутаттар жалпы санының көпшілік даусымен мақұлдайды. 

Асылбек Данияр, тілші:
Қазір орталық сайлау комиссиясы Парламент санатына жаңадан сайланған және тағайындалған сенат депутаттарын ресми тіркейді. Жоғары палатының отыз шықты өкіліне куәлік пен төсбелгі табысталады. Биылдан бастап сенаторлардың құзыреті де өзгергенін айта кеткен жөн. Мұның бәрі Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ық¬палды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы аясында жүзеге асып жатыр.

Халық қалаулысы немесе Сенат депутаты. Жаңа қызметке келген шенділердің көңіл-күйі көтеріңкі. Елдің әр өңірінен келгендер бір-бірімен тіл табысып үлгергендей. Десе де, толқып отырғандары да бар.

Орталық сайлау комиссиясы алдымен жаңа депутаттарды таныстырды. Артынша тиісті қаулыларға қол қойып, депутаттарға құжаттарын берді.

Биылдан бастап жоғарғы палата өкілдерінің саны - 50 болады. Конституцияға сәйкес сенатқа әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала мен астанадан екі депутаттан сайланды. Сондай-ақ Ата заңның жаңа редакциясы бойынша Президент сенаттағы он депутатты тағайындады. Олардың бесеуі - Қазақстан халқы ассамблеясының ұсынысы бойынша таңдалды. Солардың бірі - Экс-Мәжілісмен Геннадий Шиповских.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Көптеген өңірде мәселелер бар. Ол тіпті, әлеуметтік мәселелерден бастап түрлі энергетикалық мәселе болсын, әлеуметтік мәселе болсын осы мәселелердің барлығын етене мәслихаттармен бірлесе отырып, болашақта қоянқолтық жұмыс атқаратын боламыз. Сол Мәжілісте жиып-терген тәжірибеммен әрі қарай Сенат қабырғасында өздеріңізбен етене жұмыс істейтін боламын.

«Amanat» партиясының мүшесі болған Геннадий Шиповских әзірге саяси ұйымнан кету туралы ойланып көрмедім, дейді. Төменгі палатада екі шақырылым бойы отырған халық қалаулысы әлеуметтік желілерде де белсенді. Ол мәжілістің жалпы отырысын тикток арқылы тікелей эфирде көрсетіп отырды. Бұл дәстүр Сенат қабырғасында жалғаса ма деген сұрағымызға былай жауап берді.

Бұйыртса. Менің ойымша Сенаттың регламентімен бір танысқаннан кейін осы үдерістерді жалғастырамын деген ойдамын.

Сайланған сенаторлардың бәрі - қазақ. Депутаттардың орташа жасы - 53. Жаңа құрамда үш әйел бар. Журналист Бибігүл Жексенбай да солардың қатарында. Ол Сенат қабырғасында халықты толғандырған мәселелерден бөлек, БАҚ өкілдерінің проблемасын көтеремін, дейді.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Журналистерге қатысты сұрақ әлі көп. Заман талабына байланысты әрине, көп өзгерістер қажет. Тек қана журналистердің құқықтарына қатысты ғана емес жалпы кәсіби деңгейін көтеруге байланысты да ұсыныс ойлар көп. Талқыланып жатқан қазіргі заң жобасына өз ойымды, көзқарасымда толыққанды жеткізетін боламын.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңа депуттарға сәттілік тіледі.

Сенат Мәжіліс қабылдаған заң жобаларын қабылдамайды, тек депутаттар жалпы санының көпшілік даусымен мақұлдайды. Ал, қазір төменгі палатаның таратылуына байланысты сенаторлар мәжіліс қайта жасақталғанша заң шығарушы және заң бекітуші орган қызметін атқарады.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу