Қызылорда облысында ана мен бала орталығының дәрігерлері 740 грамм болып дүниеге келген сәбиді жетілдіріп, бүгінде анасы баласын бауырына алды. Жалпы аймақта былтыр 11 мыңнан аса нәресте дүниеге келсе, соның 800-і шала туғандар.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Бұл жер нәрестелерге арналған жансақтау бөлімі. Барлық дизенфекциялық талаптарды сақтай отырып біз де кірдік. Мынау «Кювез» деп аталатын аппаратта шала туған балаларға күтім жасалады. Мәселен, мына нәресте 640 грамм болып дүниеге келген. Ерекше күтімнің арқасында 35 күн ішінде салмағы бір келіден асты, дейді дәрігерлер.
Қаламқас Құмарбекованың перзентханада жатқанына 30 күннен асыпты. Жас келіншек уақытынан ерте босанып, нәрестесі дүниеге келе сала жансақтау бөліміне түскен. Бірақ, қазір қиындықтың бәрі артта қалды. Дәрігерлердің қатаң бақылауымен нәрестенің жағдайы жақсарып, қалыпты өмірге бейімделді.
Қаламқас Құмарбекова, жас ана:
Жалпы жағдайы өте ауыр болды. Жансақтау бөлімінде екі аптадай жатып. Кейіннен осы жерге ауыстық. Қазіргі жағдайы жақсы. Қазір жанымда ешқандай аппаратсыз өзі дем алып, өзі қоректеніп жатыр.
Соңғы жылдары аймақта жүкті әйелдердің уақытынан ерте босануы көбейген. Бұл жағдай мамандарды алаңдатып отыр. Мәселен, былтыр, салмағы бір келіге де жетпейтін 70-ке жуық шақалақ дүниеге келген. Соның ішінде ең азы 500 грамм болған. Заманауи медициналық құрылғылардың арқасында ондай сәбилердің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар.
Ләйлә Хайдарова, облыстық Ана мен бала орталығының бөлім басшысы:
Баланың өте ауыр жағдайда туылуы мүмкін балалар. Соған байланысты ол 30 күн, кейде 60 күн өзінің қаншалықты жағдайы келіп, ана сүтін еміп мамасы күтім жасай алғанша бақыланып үйіне шығарылады.
Дегенмен, өте аз салмақтағы шақалақтардың бәрін аман алып қалу мүмкін емес дейді, дәрігерлер. Бірақ, соңғы жылдары перзентханаға жаңа қондырғылар алынып, жағымсыз статистика едәуір төмендеген.
Әділбек Серікұлы