Қызылорда облысында жалған құжатпен жеңілдетілген несие алғандар жауапқа тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында жалған құжатпен жеңілдетілген несие алғандар жауапқа тартылды

25.01.2023

Қызылорда облысында жалған құжат әзірлеп, жеңілдетілген несие алған азаматтар жауапқа тартылды. Бюджет қаражатын заңсыз иемденгендер мемлекетке жалпы сомасы 316 миллион теңге залал келтірген.

Мәселен, Шиелі ауданының тұрғыны ауылда жұмыссыз жүрген 20 адамның сеніміне кіріп, оларды жеке шаруашылыққа топтастырған. Және тұрғындардың құжаттарын несие беретін ұйымға өткізіп, ірі қара мал өсіру үшін 60 миллион теңге жеңілдетілген несие алған. Бірақ алданып қалған азаматтар кейін құзырлы органдарға арызданып, заңбұзушылық әрекет әшкереленді.

Жалпы аймақта осындай алаяқтық жолмен бюджет қаржысын жымқырған бірнеше дерек бойынша сот үкімі шығып, мемлекетке келтірілген залал өндірілді.

Ардақ Бегалиев, облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға тергеушісі:

Бұл екі қылмыстық іс бойынша сот үкімі шығып, 5 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шықты. Жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша 316 миллион теңге мемлекетке залал келгендігі анықталған. Қылмыстық істер бойынша оның 124 миллионы қылмыстық істерді тергеу барысында өндірілді. 

Хабарламаларға жазылу