ЕуроОдақ пен Орталық Азия елдерінің дипломатиялық қатынасына - 30 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕуроОдақ пен Орталық Азия елдерінің дипломатиялық қатынасына - 30 жыл

18.01.2023

Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдерінің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына - 30 жыл. Осыған орай аймақтың бес мемлекетінің елшіліктері ЕуроОдақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілінің хатшылығымен бірігіп Брюссельде мәдени шара ұйымдастырды. Мерейтойлық жиында еуропалықтар бес елдің бай мәдениетімен етене танысып, ұлттық өнерін тамашалады. 

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан. Орталық Азияның бес мемлекетінің Еуропалық Одақпен 30 жыл бұрын басталған серіктестігі бүгінде мызғымас достыққа ұласты. Энергетикалық ресурстарға бай Орталық Азия елдерінің энергияның баламалы көздерін пайдалануда да әлеуеті зор. ЕуроОдақ аймақтың бес елімен бар салада ынтымақты арттыруға мүдделі.

Стефано Саннино, Еуропалық Сыртқы істер қызметінің бас хатшысы:
Қазіргідей қиын кезеңде біздің қатынасымыздың қарқындылығы өзекті. Жаһанның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Орталық Азия - біз үшін құнды саяси, экономикалық, стратегиялық серіктес.

Климаттың өзгеруі, есірткі саудасы, заңсыз көші-қон. Бұдан бөлек, су ресурстары мен шекарадағы шикіліктер арагідік көршілердің арасында дау туғызып қоятыны бар. Өзекті мәселелерді шешуде аймақтың көшбасшысы саналатын Қазақстанға ЕуроОдақ үлкен сенім артады.

Тери Хакала, Еуропалық Одақтың орталық Азия бойынша арнайы өкілі:
Қазақстан - аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Экономикасы дамыған алпауыт ел, Еуропалық Одақпен кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім-шарт бекіткен аймақтағы алғашқы мемлекет. Сондықтан, сіздердің көмектеріңізбен Орталық Азия мен Еуропаны жақындастыруды жалғастыра бермекпіз.

Тамырлас, бауырлас елдер мерейтойлық шарада еуропалықтарға Орталық Азия халқының бірлігі мен ынтымағын, бай мәдени мұрасын паш етті.

Көпшілік бес мемлекеттің көрікті жерлері бейнеленген сурет көрмесін, ұлттық бұйымдар мен киім-кешектердің жәрмеңкесін тамашалады. Сонан соң, қазақтың қазысы мен бауырсағы, өзбектің палауы, тәжіктердің тандыр наны, қырғыз бен түркменнің тәттілерінен дәм татты. Ұлы Жібек жолын жаңғыртқан аймақтың бес елі Батыс пен Шығыс өркениетін жақындастыруға күш сала бермек.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу