Жүк тасымалымен айналысатын жергілікті компаниялар шығынға батып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жүк тасымалымен айналысатын жергілікті компаниялар шығынға батып жатыр

13.01.2023

Қостанай облысында халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жергілікті компаниялар шығынға батып жатыр. Себебі оларға шетелге шығуға рұқсат беретін құжат жетіспейді.

Мұның себебі - соңғы бір жылда ішкі нарықта Ресей мен Беларусияның тасымалдаушылары көбейген. Олар осылайша өз елдеріне салынған санкцияның салдарын айналып өтіп, қазақстандық кәсіпкерлерге зиянын тигізіп отыр. 

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Бұл Қостанайдағы халықаралық тасымалмен айналысатын компаниялардың бірінің ауласы. Мына көліктердің осылай қаңтарылып тұрғанына бір айдан асқан. Олардың дені лизингке алынған. Яғни компания жалақы беру, басқа да шығындарының сыртында ай сайын миллиондап несие төлейді.

Санжар Әдебиетов осы кәсіпорында логист болып еңбек етеді. «Көліктердің шетелге шығуына рұқсат беретін құжаттардың жетіспеуі былтырдан басталды»,- дейді ол. Мысалы осы кәсіпорында 80-нен астам көлік болса, өткен жылы соның он пайызы ғана сыртқа шығуға рұқсат алған.

Санжар Әдебиетов, логист:

Рұқсат берудің әдістемесі дұрыс емес. Бұл жерде техникалық базасы сай, ондаған көлігі, жоғары санатты жүргізушілері бар отандық тасымалдаушыға басымдық берілуі керек. Ал қазір Қазақстанда кеше ғана тіркелген шетелдік тасымалдаушы мен өзінің көлігі жоқ бір күндік компаниялармен біздің құқымыз бірдей болып тұр.

Былтыр өңірде шетелдік тасымалдаушылардың сыртында заңды тіркелген, бірақ «аты бар да заты жоқ» фирмалар көбейіпті. Олардың дені алған рұқсатнамаларын қымбатқа қайта сатумен айналысады. Мысалы заңды құны 3065 теңге тұратын рұқсаттама бланкісін қара нарықта 100-700 долларға алуға болады.

Роберт Юсупов, «Атамекен» ҰҚП облыстық филиалының бөлім басшысы:

Осы түйткілдердің бәрі былтырдан бері айтылып келеді. Үкімет отырысында да қаралды. Жауапты органдарға тапсырма беріліп, тығырықтан шығу жолдары қарастырылып жатыр. Сондықтан бұл мәселе оң шешімін табады деп үміттенеміз.

2021 жылы облыста 54 тасымалдаушы болса, бүгінде олардың саны 130-дан асты. Бұған санкциядан қашқан ресейлік және белоруссиялық кәсіпорындардың біздің елге лап қоюы себеп.

Шетелдіктер жылына бөлінетін рұқсатнама квотасының 60 пайызын, аты бар заты жоқ компаниялар 30 пайызын иеленіп отыр. Жергілікті тасымалдаушыларға 10 пайызы ғана қалады. Соның салдарынан автопарктердің қаржылық жағдайы күн өткен сайын нашарлап барады.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу