Қазақстанның Еуразия құрлығында үлкен академиялық білім хабына айналуға әлеуеті бар. АҚШ-тың үздік оқу орындарымен елімізде филалдарын ашу туралы келіссөз жүргізген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осылай деді. Ал, Пенсильвания университеті қазақстандық студенттерге 1,5 миллион доллардың грантын бөлді. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы тарқатады.
Қазақ жастарының американың белді оқу орнында білім алу мүмкіндігі артпақ. Соның ішінде ядролық технология, ауылшаруашылығы, генетика, биотехнология салалары да бар. Ол үшін Пенсильвания университеті Қазақстан студенттеріне 1,5 миллион доллар грант бөлді. Яғни, осы жоғары оқу орнының есебінен докторантура мен магистратурада білім алуға болады.
Стив Барнес, Пенсильвания университетінің халықаралық бағдарламалар жетекшісі:
Біздің университет Қазақ елінде көптеген ЖОО байланыс орнатқан. «Болашақ» бағдарламасымен жүздеген студент бізде білім алды. Енді біз Қазақстанның білім саласына да инвестиция салуды көздеп отырмыз. Қазақстандық студенттер өте жақсы білім негізімен келеді. Еңбекқор, оқысам, білсем деген ынтасы өте жоғары.
Ал, Үкімет қазақ жастарына заманауи білімді шетел аспай-ақ елімізде алу мүмкіндігін кеңейтпек. Себебі, Президент Ғылым және жоғары білім министрлігіне 2025 жылға дейін әлемнің мықты ЖОО филиалдарын елімізде ашуды тапсырған. Осы орайда, АҚШ-та жұмыс сапарымен жүрген министр Саясат Нұрбек үздік оқу орындары басшылығымен кездесіп, келіссөздер жүргізді.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Мақсатымыз ең мықты бағдарламаларды, ең мықты университеттерді Қазақстанға әкеліп, тек Қазақстан емес, жалпы біздің аймақта басқа елдерден де студенттерді шақырып сапалы білімнің үлкен академиялық хабына айналдыру Қазақстанды. Қазір бізде керемет мүмкіндік пайда болып тұр. Бұрын біздің аймағымызда үлкен академиялық хаб Ресей, Украина болған. Осы мүмкіндікті біз дұрыс пайдалансақ Қазақстанның жоғары білімі тек дотация сұрап отырған сала емес, өзі салық төлейтін жаңа жұмыс орындарын ашатын шет елден студент әкелетін үлкен салаға айналуы мүмкін.
Ал, былтыр Петропавлда ашылған Аризона Университетінің филиалы 500 студент қабылдамақ. Биыл сондай-ақ, технологиялық бағытқа негізделген Шотландияның Хериот-Уотт университетінің филиалы жұмысын бастайды.
Жалғас Сәдібекұлы