Тегін такси: 20 волонтер көлігімен көшеде тоңып тұрған адамдарды апарып салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тегін такси: 20 волонтер көлігімен көшеде тоңып тұрған адамдарды апарып салды

11.01.2023

Астанада соңғы күндері күн күрт суытқанымен, мейірімді жандардың әрекеті жүрекке жылу сыйлағандай. Бүгін елордалық еріктілер қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, тұрғындарды жұмысына тегін жеткізіп тастады. Сонымен қатар көшенің қарын тазалап жүргендерге ыстық ас таратты. Игі істердің қалай өткені тілші материалында.

Иә таңертең жұмысына асыққан елорда тұрғыны үшін тегін такси күтпеген сый болғаны анық. Бүгін астанада осындай қайырымдылық шарасы өтті. 20 волонтер көлігімен көшеде тоңып тұрған адамдарды межелі жерге жеткізіп тастады.

Ерболат Жүсіпов, Астана қаласының бас имамы:
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты мешіттер мен жергілікті әкімшіліктермен осындай үлкен шараларды ұйымдастырып жатырмыз. Бүгін таң намазынан кейін бүкіл мешіттеріміздің жанынан «Тегін такси» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылған болатын. Міне қазір көшеде қар тазалап жатқан қызметкерлерге арнайы ас дайындалды.

Еріктілер акцияны ертең де жалғастырмақ. Оларға демеушілер қаржылық қолдау көрсеткен.

Серік Селеубайұлы, тілші:
Астананың үскірік аязына қарамай далада жұмыс істеп жүрген жандар бар. Олар коммуналдық қызмет мамандары. Біз қазір осы еңбекқор адамдарға ыстық тамақ таратуға шықтық. Қайырымдылық акциясы аясында 150 жұмысшыны қамту көзделген.

Бір топ елордалық ерікті қала көшелерін аралап, арнайы дайындалған ыстық шай мен асты қар күреп жүрген жандарға таратты. Денесі суықтаған жұмысшылар ұсынылған дәмді қуана қабылдап, рақметін жаудырып жатыр. Абырой болғанда, олардың арасында үсік шалғандар жоқ.

Нұрсұлтан Нұржанов, мердігер компания қызметкері:
Әзірге ондай жағдай тіркелген жоқ. Адамдарға осы Көкталдың маңайындағы дүкендерге кіруге рұқсат беріп жатырмыз. 5-10 минутқа жұмыс уақытында жылынып алуға болады. Көктал тұрғындарына рақмет. Біздің жағдайымызды түсініп, дүкендерге кіргізіп жылытып жатқандарына.

Соңғы күндері ауа райы күрт суытып, көше тазалау тұрмақ автобус күту де мұңға айналған. Тұрғындарды шыңылтыр аязда үсіп қалудан жылы аялдамалар мен жол жиегіндегі дүкендер құтқарып келеді. Сатушылар азаматтарға осылай көмектесетінін айтады.

Гүлайым Арзықызы, сатушы:
Кез-келген адам келіп жылынамын десе, 15-20 минут тұрады. 20 минут тұра ма өзі біледі. Автобус келгенше тұра береді адамдар. Тек көше тазалайтын емес, кез-келген адам. Себебі күн өте аяз. Оған қарсылығымыз жоқ.

Бұл халықтың қиын күнде бір-біріне қол ұшын созуға дайын екенін көрсеткендей. Дегенмен мамандар тұрғындарға үсіктің алдын алу үшін далада ұзақ жүрмеуге кеңес береді.

Серік Селеубайұлы



Хабарламаларға жазылу