ШҚО-да полицейлер жолда адасып қалған екі адамды құтқарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да полицейлер жолда адасып қалған екі адамды құтқарды

15.01.2021

Шығыс Қазақстан облысында жолда адасып қалған екі адам құтқарылды. Олар Өскеменнен Катон-Қарағай ауданының шекарасына жеткенде Алыбай деген елді-мекенге ауыл аралық жолмен бармақ болған. Бірақ трассадан бұрылып кеткеннен соң 15-20 шақырым ғана жүріп, адасып, ақыры көліктері батып қалған. Көмек жеткенше көлікте бір тәуліктен артық отырған. Қатты аязда үсіп кетпеу үшін автокөлік салонында қағаз жағып жылынған. Келесі күні біреуі тау басына шығып ұялы телефон арқылы көмек сұраған. Аудандық полиция және өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жедел іздеуге кірісіп , 32 және 47 жастағы екі адамды аман есен тапты.

Жеңіс Қоңақаев, Қатон-Қарағай аудандық Полиция бөлімінің инспекторы:
Сағат 15:00 шамасында біз хабарласқан адамдарды іздеуге шықтық. Іздеу барысында, кешкі сағат 21:00-де екі адам табылды. Ол кісілерді аман-есен алып шығып, жергілікті ауруханаға апардық. 

Қостанайдың полицейлері далада көлігі қарға батып, жолда қалған жүргізушіні құтқарды. Ол Қостанай ауданына қарасты Рыспай ауылына тура бару үшін даланың жолымен жүрген. Сөйтіп 30 градус аязда, көлігі омбы қарға кептеліп тұрып қалған. Түнгі сағат 2:00 кезінде, қатты тоңып, жаяулап күре жолға шыққан жүргізушіні полиция қызметкерлері байқап, дереу көмек көрсеткен. Олар қарға батқан көлікті шығарып, ер адамды қауіпсіз жерге дейін жеткізіп салды.  

Хабарламаларға жазылу