Алматы облысындағы Қарасай ауданының тұрғындары газ бағасының күрт қымбаттауына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы Қарасай ауданының тұрғындары газ бағасының күрт қымбаттауына наразы

09.01.2023

Алматы облысындағы Қарасай ауданының тұрғындары газ бағасының күрт қымбаттауына наразы. Олардың айтуынша, көгілдір отынмен қамтамасыз етуші компания тарифті былтыр жазда ескертусіз көтерген. Жергілікті жұрт мұны тек жылу маусымы басталып, түбіртек келгенде ғана білген. Сұйық отынның сапасы да сын көтермейді деген наразы топтың уәжін әріптесім тыңдап қайтты.

Қарасай ауданына қарасты «Арай» саяжайының тұрғыны Динара Белдікенова қыста әдетте айына 400 текше метр газ тұтынатынын айтады. Алайда соңғы түбіртектен көгілдір отын бағасының көбейіп кеткенін байқап, компанияға барған. «Сигма-Газ» компаниясының мамандары «ешнәрсе білмейміз, сол соманы төлеңіз» деп қайтарған.

Динара Белдікенова, «Арайлым» саяжайының тұрғыны:
Қазір менде показание бар. Кеше сенбі күні шешіп алған көрсеткішім бар, сол аралықты есептеңізші десем, есептеп 207 дейді. Маған сол екі күннің жағдайы өзіме де қызық болып тұр. Неге екі күнде мен 8 мың теңгеге жағып отырмын?
Мүбәрак Сағындық, Шамалған ауылының тұрғыны:
Тарифті бұлар көтергені заңсыз. Ешқандай жауап бере алмайды. Өйткені өзі жауабын білмейді директоры. Шәугім қайнамайтындай жағдайға жеттік қой. Газ жоқ деп есептеуге болады.

Тұрғындардың сөзінше, соңғы кезде ай сайынғы газдың ақысы әдеттегіден 1,5-2 есеге дейін көп келе бастаған. Ол аздай, көгілдір отынның сапасы да сын көтермейді.

Мүбәрак Сағындық, Шамалған ауылының тұрғыны:
Ондай айырмашылық тарифтің қымбаттауынан болуы мүмкін емес. Ол газдың сапасына байланысты. 45-ке қойып қоятынбыз. 60-қа қойып қоясың. Күні – түні 60-пен тұрады. Содан кейін әрине, газдың расходы көп болған соң ақшасы да көбейеді ғой.

Көгілдір отын құнының қымбаттау себебін «Сигма-Газ» компаниясының басшылығы да нақты айта алмай отыр. Олардың сөзінше, газ бағасының көтерілетіні туралы тұрғындарға ескертілген.

Василий Прокофьев, «Сигма-газ» ЖШС директоры:
Біз былтыр қаңтар айында жаңа тариф енгізуді жоспарлағанбыз. Өздеріңіз білесіздер Президенттің бұйрығымен жарты жылға коммуналдық төлемдердің бағасын көтеруге тыйым салынды. Ал, газдың сапасына келер болсақ, келісім шарт арқылы бізге орталықтан бөлінген көгілдір отынды жеткізіп отырмыз. Егер күмән болса, арнайы зертханада тексеру жүргізу керек шығар.

Тұрғындардың мәселесіне араласқан аудан әкімдігі арнайы комиссия құрылып, монополияға қарсы орган мамандары шақырылатынын айтты.

Жасұлан Естенов, Қарасай ауданының әкімі:
Біріншіден, жұмыстарын тексеруіміз керек. Тарифтің орындалуында кемшіліктер болса, біз оларға талабымызды қойып, талапты орындауға мәжбүрлейміз.

Қарасай ауданы бойынша он шақты ауылда 10 мыңға жуық тұтынушы осы компания таратқан газды пайдаланып отыр. Енді ауыл тұрғындарының бар үміті - құрылған комиссияда. Жұмыс тобы тексерістің алдын ала нәтижесін 25 қаңтарға дейін ұсынуы тиіс.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу