Қаңтар оқиғасы: Қызметте жүріп қайтыс болған азаматтарды ұжымдастары еске алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасы: Қызметте жүріп қайтыс болған азаматтарды ұжымдастары еске алды

06.01.2023

Қаңтар оқиғасы Талдықорған қаласына да сызат қалдырды. Бірнеше адам оққа ұшып, ғимараттар бүлініп тоналды. Қоймадағы қару-жарақ қолды болды. Қазіргі таңда қираған нысандар әлі де қалпына келтіріліп жатыр. Бір жылдан кейінгі жағдайды өңірдегі тілші баяндайды.

Қаралы қаңтарда оққа ұшқандардың бірі тергеу изоляторының қызметкері Ербол Еділов. Бұл оның зейнеткерлікке шығар алдындағы соңғы күні еді. Қаскөйлер баса көктеп кіріп, ондағы қамауда отырған қылмыскерлерді шығарып алмақ болған. Қызметін адал атқарған абзал азаматқа түзету мекемесінен арнайы бұрыш ашылды.

Тілеубек Іңкәрбаев, Е.Еділовтің әкесі:
Қасындағы жолдастары, басшылары барлығы қайғыны бөліссе жеңілдейді ғой. Сол сияқты қайғымызға ортақ болып жатыр.

Сол күндері қызметін мінсіз атқарған азаматтар қатарында арнайы жасақ капитаны Дархан Барғанаев та болды. Ол қалалық полиция басқармасын қорғау барысында қаза тапты. Қираған ғимарат жөнделер, бүлінген мүліктің орны толар, бірақ адам өмірін қайтару мүмкін емес дейді, жары Жансая.

Жансая Барғанаева, Д.Барғанаевтың жары:
Өзінің елін, жерін аман алып қалып, отанын қорғап, жанын қиып кете барды.

Қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген блыстық әкімдік ғимаратын жөндеуге 5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Нысан әлі тапсырылған жоқ. Сондай-ақ қалалық Полиция басқармасымен Аманат партиясының кеңсесін жөндеуге 1 млрд теңгеге жуық қаражат кетті.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу