Ұлыбританияда теміржолшылардың ереуілі жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда теміржолшылардың ереуілі жалғасып жатыр

06.01.2023

Ұлыбританияда теміржолшылардың ереуілі бесінші күн қатарынан жалғасып жатыр. Нәтижесінде 80 мыңға жуық рейс тоқтап, жолаушылардың діттеген жеріне жетуі қиындады. 

Марина Бекенова, тілші:

Тараптардың тіл табысуы қиын болып жатыр. Аптаның басынан бері теміржол, теңіз және көлік кәсіподағына мүше 40 мыңға жуық қызметкер бас көтерді. Олар жалақыларын өсіруді және жұмыстан қысқартпауды талап етуде. Ереуілшілердің қатарына электровоз машинистері мен өрт сөндіру көліктерінің жүргізушілері қосылды. Осылайша бұл апта бұрын-соңды болмаған ереуілдер толқынымен тарихқа енгелі тұр.

Мик Уилан, кәсіподақ ұйымының бас хатшысы:

Билік партиясының ел басқарып отырғанына 12 жыл болды. Осы уақыт ішіндегі қатаң үнемдеу, экономиканың қысқаруы, өсімнің баяулауы, Брекситтің ойдағыдай жүзеге асырылмауы - бәрі-бәрі бүгінгі күнге әкеп тіреді. Сондықтан көптеген халық ереуілге шығып жатыр. Бұл жағдайды тек үкімет өзгерте алады немесе үкімет ауысуы керек.

Марина Бекенова, тілші:

Өткен жылдың желтоқсан айында қымбатшылыққа байланысты Ұлыбритания ереуілдер толқынына тап болды. Инфляция 40 жылда болмаған 10,7 пайызға жетіп, халықтың нақты табысы төмендеп кетті. Теміржолшылармен қатар медбикелер, жедел жәрдем жүргізушілері, пошташылар көшеге шықты. Биліктегілер, өз кезегінде мемлекеттік секторда жұмыс істейтіндердің жалақысын көтере алмайтындықтарын бірнеше рет мәлімдеді.

Көтерген жағдайда инфляция одан әрі шарықтап, бюджетке қосымша салмақ түседі. Британ қонақжайлық секторы қауымдастығының бағалауы бойынша, желтоқсан айында пабтар, қонақүйлер мен мейрамханалар ереуілдердің кесірінен 1,5 млрд стерлинг фунтынан қағылған.


Хабарламаларға жазылу