Ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің бірқатар облысында жол қатынасы қиындады. Ескертуге қарамай, алыс сапарға шығып кетіп, қар құрсауында қалғандарды құтқару жұмыстары жалғасуда. Тіпті ақтүтек боранда ермек іздеп, балыққа шығып адасқандар да бар. Өңірлердегі ахуалды тілшіміз Руслан Нұрланұлы баяндайды.
1970 жылғы азамат 14 жасар баласымен балық аулауға шыққан. Жолда көліктері қарға батып қалып, түнімен соның ішінде отырған. Жанармай таусылған соң жаяулатып қайтқан. Абырой болғанда аман-есен табылды. Жалпы, ауа райының қолайсыздығына байланысты аймақта жол қатынасы қиындады. Бүгін түсауа бірқатар жол ашылғанша патрульдік бекеттерде 600 көлік тұрды. Соңғы үш күнгі боранда жолда қалған 300-ден астам адам құтқарылған.
Садур Матикубов, Өзбекстан республикасының азаматы:
Біз кәмелет жасқа толмағын үш баламызбен Ресейден-Тәшкентке бара жатқанбыз. Алайда боран басталып кетті. Түк көрінбей, көлігіміз қар құрсауында қалды. Төтенше жағдай қызметкерлеріне рақмет! Хабарласып едік, олар бізге дереу көмектесті. Енді мұндай ауа райында тәуекел етпейтін болдым.
Абай облысындағы «Аягөз-Үржар» тас жолының бойында 60 адам қар құрсауында қалған. Оларға көмектесуге төтенше жағдайлар қызметінің бригадасымен бірге әскерилер де барды. Жолаушылар Аягөз бен Өскемен қаласына және жақын маңдағы жылыту орындарына жеткізілген. Аймақта бірнеше күннен бері ақтүтек боран соғып тұр.
Ал Шығыс Қазақстандағы «Өскемен-Таулы Үлбі-Северное» облыстық маңыздағы жол бойына қар көшкіні түскен. Күрежол алдын ала жабылғандықтан, ешкім зардап шеккен жоқ. Жол дереу таудан түскен қардан тазартылды. Ауа райының нашарлауына байланысты облыстық төтенше жағдай департаментінде жедел штаб құрылды. Аймақта 10 уақытша жылыту пункті бар. Кешеден бері бірнеше бағыт бойынша халықаралық және республикалық автожолдар жабық тұр.
Жамбыл облысында да қарлы дауыл соғып, жолда көлік қозғалысы қиындаған. Кеше және бүгін Жуалы-Қордай және Алматы –Ташкент-Термез тас жолының бойында, Сарысу ауданына қарасты Жаңатас-Қаратау елдімекендері аралығында қар құрсауында қалған 40-қа жуық адам құтқарылған. Болған үш жағдайдың екеуінде жолаушылар автобусы қар басқан жолда жүре алмай, сынып қалған.
Руслан Нұрланұлы