Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аты аңызға айналған футболшы Пеленің қайтыс болуына байланысты Бразилия басшысы Жаир Болсонаруға көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы үш дүркін әлем чемпионы, көзі тірісінде футбол патшасы атанған әйгілі спортшы ретінде оның футболды бүкіл әлемге танытуға зор үлес қосқанын атап өтті.
Футбол тарихындағы ұлы ойыншылардың бірі Пеле 82 жасында дүниеден озды. Коронавирус жұқтырған ол қараша айынан бері Сан-Паулу қаласындағы ауруханада жатқан еді. Бұған дейін қатерлі ісіктен емделіп жүрген. Желтоқсанның 22-інде жағдайы күрт нашарлады. Пеле өзінің соңғы матчын 1974 жылы өткізді.
Кәсіби мансабында 1281 мәрте гол соққан. Бразилия құрамасы сапында 1958, 1962, 1970 жылдары әлем чемпионы, XX ғасырдың ең үздік футболшысы, Бразилия батыры, миллиондардың кумирі атанды. Англия құрамасының бұрынғы капитаны Бобби Чарльтон бір кездері «Футбол Пеле үшін ойлап табылған» деп мәлімдеген еді.
Пеле спортшы ғана емес, сонымен бірге экологияны жақсартуға үлес қосқан және кедейлердің өмірін жақсарту үшін күрескен қоғам қайраткері ретінде есте қалады. Әлемнің әйгілі футболшылары аңыз тұлғаның қазасына байланысты көңіл айтып, онымен қоштасып жатыр.
Арай Төлеген