Бүгін Екібастұздағы апатқа кінәлі мемлекеттік қызметкерлердің алғашқы екеуі сөгіс алды. Шаһарда жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. 4 көпқабатты үй және 45 жер үйде жылу температурасы төмен. Ал, мектеп суық болғандықтан қашықтан оқытылған оқушылар үшін қысқы демалысты барынша қызықты өткізуге жағдай жасалды. Бір мыңға тарта бала бір апта мерзімге еліміздегі демалыс лагерлеріне тегін баратын болды. Кеншілер мен энергетиктер қаласындағы ахуалды меншікті тілшіміз зерделеп көрді.
Аймақ басшысының әр сөзінде негіз бар. Екібастұздың кейбір тұрғындары әлі де тоңып отыр. Сондықтан шаһардың бірнеше аумағында ескі желінің орнына үлкен диаметрлі құбырлар салу жұмыстары жүріп жатыр. Жыл аяқталып қалды. Жұмысты ширату үшін қосымша жөндеу бригадалары жұмылдырылады.
Әділбек Балғожинов, қала тұрғыны:
Қыс басталғанда жылы болды. Сосын авариядан кейін міне ыстық су да жоқ. Суды жіберсек күтіп тұрасың. Үш бөлмеде жылытқыш тұр.
Апат салдарынан көпқабатты үйлердегі 4920 пәтерге зақым келді. Олар монополист есебінен жөнделіп жатыр. Электр қуатының артық шығынын да тұрғындарға компания өтеп береді. Қазір стансада 4 қазандық қана жұмыс істеп тұр. Норма бойынша алты қазандық болуы керек.
Павел Мельничук, «ЕкібастұзЖылуЭнерго» ЖШС бас директорының кеңесшісі:
Желіде қысқа тұйықталу болды. Соның кесірінен желілік сорғылар мен қазандық істен шықты. Қазіргі уақытта электрмен жабдықтаудағы ақаулар жойылды. 13-ші және 14-ші қазандықтарды қыздырып отырмыз. Бүгін түңгі 00:00-ге дейін екі қазандықты іске қосып, резервтегі қазандықтарды дайындаймыз.
Жылуға жауапты облыстық мемлекеттік мекеме басшылары жөндеу біткенше Екібастұзда болып, жаңа жылды сонда қарсы алады. Бүгін аймақ басшысы тәртіптік жазаға тартылған мемлекеттік қызметкерлердің есімін жариялады. Бұл басы ғана.
Асайын Байханов, облыс әкімі:
Сөгіс жарияланды деп айтқанымның бірі, біздің Энергетикалық басқарманың басшысы Салханов Ержан Маратұлы. Өйткені осы салаға басты жауапкершілік сол басқармада. Менің өзімнің орынбасарым осы Тұрғын үй және коммуналдық шаруашылыққа жауапты.
Апаттың нақты себебін анықтау бойынша құрылған ведомствоаралық комиссия тексеру қорытындысын әлі жариялаған жоқ. Қылмыстық іс бойынша кімдер жауапқа тартылатынын анықтау құқық қорғау органдарының құзырында. Бірақ станция басшылығы мен мемлекеттік органдағы жауапты тұлғалар да міндетті түрде жазаланады.
Болат Аманбаев