Қостанай облысында орманшылар жалақысын көбейтуді талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында орманшылар жалақысын көбейтуді талап етті

29.12.2022

«Орманшының жұмысы көп, жалақысы аз. Сондықтан да кадр тапшылығы туындап отыр». Қостанайдың орманшылары осылай дейді. Техниканың да дені әбден тозып, шіріп тұр. Олардың басым бөлігінің қолданысқа берілгеніне жарты ғасырға жуықтаған.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Орманның жауы – өрт. Сондықтан жаз айлары аса қауіпті. Алайда бұл ағаш қорыған адамдардың қыста жұмысы азаяды деген сөз емес. Қыс ортасында да орманға серуендеп келіп от жағатындар көп. Беліне балта қыстырғандар да кездеседі. Әсіресе жаңа жыл қарсаңында мынадай жас қарағайларға қауіп төнеді.

Жас қарағайды ұрлап кесетіндер оны жаңа жылдық шырша ретінде пайдаланады. «Дегенмен соңғы жылдары мұндай оқиғалар азайды» дейді кәнігі орманшы Дәурен Қаратаев. Ол қызмет ететін Пригородный орман шаруашылығының аумағы 17 мың гектарға жуықтайды. Соның ішінде өзіне бекітілген 400 гектардан астам алқапты жекеменшік көлігімен күні бойы қадағалап күзетеді. Қызметтік көлігі жоқ. Қараша айындағы үстемені қосқанда жалақысы 100 мың теңгеден сәл асады.

Дәурен Қаратаев, орманшы:

Бірақ мұны жаман екен деп жамандай берсең өмірде жақсы нәрсеге ұмтылмайсың. Жақсы болғанын қалаймыз. Ең бастысы әрине, жалақыны көбейтсе. Сосын астымызға бір-бір көліктен берсе. Өйткені көлік жағы тапшылау.

Қаңқасы ғана қалған мына трактор қосалқы бөлшектің қызметін атқарып тұр. Себебі мемлекеттік сатып алудың машақаты көп, қаржы да тапшы. Бар көліктің дені ескі. Қыста суық, жазда ыстық. 2 мыңыншы жылдардан бері техника паркі жөнді жаңармаған. Көбінің әлдеқашан мерзімі өткен.

Болат Сырғабай, Орман өртіне қарсы станция басшысы:

Мынау 66 маркалы машина 86-шы жылы Украинадан әкелінген. Мынау Япониялық машина да 80-ші жылдары келген. Тағы екі машина бар Затоболда, олар да зорға жүр.

Орман алқабы азаймауы үшін оны тек күзету жеткіліксіз. Күзде тұқымын жинап, одан өскіндер шығарып, көшет отырғызу қажет. Мұндай жұмыстар арнайы тәлімбақтарда жүргізіледі. Өте ауыр еңбек. Ал алатын жалақылары 70-100 мың теңге аралығында.

Анатолий Маркетан, Тәлімбақ басшысы:

Бізде кадр тапшылығы қатты сезіледі. Тіпті осы сала бойынша арнайы білім алғандар да келмейді. Себебі жұмыс өте ауыр, ал жалақы мүлде аз.

Орман шаруашылығы салысындағы осындай қордаланған мәселені сенатор Айгүл Қапбарова Үкімет басшысының алдында көтерді.

Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Саланың материалдық техникалық базасын жаңарту үшін оларды нормативтерге сәйкес алдағы 3 жыл ішінде 100% қамтамасыз етуді, облыстық және республикалық деңгейдегі бағынышты барлық орман мекемелері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қызметкерлерінің жалақысын кем дегенде екі есеге арттыруды көздейтін кешенді шаралар қабылдауды сұраймыз.

Жылдар бойы жиналған проблеманың бір күнде шешілмесі анық. Дегенмен орманшылар қауымы биік мінберден айтылған сөз жерде қалмас деп үміттенеді.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу