Президент шахматшы Динара Сәдуақасованы құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент шахматшы Динара Сәдуақасованы құттықтады

29.12.2022

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өтіп жатқан шахматтан әлем чемпионатында рапид бойынша күміс медаль иеленген Динара Сәдуақасованы құттықтады. Мемлекет басшысы Қазақстан шахматшыларының әлем чемпионатындағы жетістіктері еліміз үшін үлкен мақтаныш екенін атап өтті.

Оның айтуынша, спортшыларымыздың жеңісі осы спорт түрімен айналысатын жастарды қанаттандырады және бұл Қазақстан шахмат мектебінің деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алматыда өтіп жатқан осы әлемдік сайыста жоғары нәтиже көрсеткен Жансая Әбдімәлікке де ізгі тілегін жолдады.

Алтын медальға сынық сүйем жетпей тоқтаған Сәдуақасованың еңбегі ерен. Финалдық тартыста ол Қытай елінің талантты шахматшысы Тань Чжунъиге есе жіберді. Ал ерлер арасында Магнус Карлсен мықты екенін тағы бір мәрте мойындатып, әлем чемпионы атанды. Алғашқы турдан көш бастаған Норвегиялық шахматшы жарыс соңына дейін алдына жан салмады. Күміс жүлде неміс Кеймер Винсентке бұйырса, қоланы Америкалық Фабиано Каруана қанағат тұтты.  


Хабарламаларға жазылу