Шымкентте жаңа «Тұран» ауданы құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте жаңа «Тұран» ауданы құрылды

28.12.2022

Шымкентте жаңа аудан құрылды. Жаңа әкімшілік аумақ басқару ісін жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға септігін тигізбек. Жалпы, мегаполис республикалық маңыздағы дербес қала мәртебесіне ие болған 4 жылдың ішінде, өнеркәсіптегі әлеуеті 60 пайызға артып, халық саны 130 мың тұрғынға көбейген.

Шымкент қаласындағы жаңадан құрылған бесінші ауданға «Тұран» атауы берілді. Ол қала аумағының 32 пайызын алып жатыр. 220 мыңнан астам тұрғыны бар. Мегаполис мәртбесі шаһар дамуына ерекше қарқын берді. Қала қазынасы 4 есеге көбейді. Соның арқасында әлеуметтік мәселелер жылдам шешілуде. Бүгінгі таңда шаһарда 81 елдімекен болса, оның 78-не таза ауыз су жүйесі жүргізілген. Келер жылы қала халқы тұтастай таза су тұтынады.

Розагүл Ибрагимова, қала тұрғыны:
Водовозбен су тасымалдап ішетінбіз. Қиын еді. Қазір су келді. Барлығы бар. Ойын алаңы бар, асфальт жолымыз бар. Орталық көшелерде автобус жүріп тұр. 

Шымкент қаласындағы 8 шағын ауданның халқы күні кешеге дейін сығырайған жарықпен күнелтіп келді. Өйткені желілер тозған. Трансформаторлардың қуаттылығы төмен болған. Биыл бәрі де жаңарды. Электр желілерін ауыстыру, жаңа әрі қуатты трансформаторлар орнату үшін 16 нысанның құрылысы жүргізілді.

Ақерке Егізбаева, қала тұрғыны:
Қазір барлығы да қуанып жатыр. Тұрмыстық техникалар жақсы жұмыс істеп жатыр. Жарық. Бұрын керек десеңіз нан жаба алмайтынбыз.

Биыл Шымкент қаласындағы 11 шағын ауданда табиғи газ желісінің құрылысы жүрді. Нәтижесінде 34 мыңнан астам адам көгілдір отын жағып, тұрмысы жайлана түсті.

Мақсұт Исахов, Қала әкімінің орынбасары:
Бізде қазір қамтылмаған 3 елдімекен қалып тұр. 50-ін қамтыдық. 2023 жылдың аяғында 96 пайызға жеткіземіз деген жоспар бар. Ал 2025 жылдың аяғында 100 пайыз газға қосылады.

2 мың 200 жылдық тарихқа ие Шымкент бүгінде еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан аймақ саналады. Шаһар жастардың қаласына айналды. Бүгінде тұрғындарының орта жасы - 28. Мегаполис атанған 4 жылдың ішінде қалада кәсіпкерлік субьектілері 30 пайызға артқан болса, олардың шығарған өнімдері биыл 1 триллион теңгеден асып жығылған.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу