Астанада «Біз біргеміз Fest» атты музыкалық қайырымдылық фестивалі өтті. Іс-шараға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты. Ол өз сөзінде, балалардың әл-ауқаты, олардың интеллектуалдық, шығармашылық және рухани дамуы - ұлтымыз үшін маңызды басымдықтар екенін айтты. Сондай-ақ, қазіргі таңда елімізде мемлекеттің әлеуметтік саясатының басымдықтары туралы түсінік өзгеріп жатыр. Әділетті Қазақстан дегеніміз - ең алдымен, инклюзивті Қазақстан. Біз көмекке мұқтаж әр азамат, әр бала мемлекеттің қамқорлығын сезінуге тиіс қоғам құрып жатырмыз, - деді Мәулен Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Қасым-Жомарт Кемелұлы балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу туралы бастама көтерді. Сонымен қатар Президентіміз ұлттық қордан балаларымыздың болашағына инвестиция ретінде пайдалану бастамасын көтерген. Осы және өзге де шаралар баланың бақытты шағын қамтамасыз етуге ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Фестивальде әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген және қазақстандық эстрада жұлдыздары мен мүмкіндігі шектеулі жандар өнер көрсетті. Балалар жылы аясында ұйымдастырылған концерт ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған.
Азамат Бейбітұлы