Алматыда өтіп жатқан шахматтан Әлем чемпионатының екінші күні аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда өтіп жатқан шахматтан Әлем чемпионатының екінші күні аяқталды

27.12.2022

Алматыда өтіп жатқан шахматтан Әлем чемпионатының екінші күні аяқталды. Рапид сайысы бойынша жеңімпаздар ертең анықталады. Дүбірлі додаға қатысып жатқан жерлестерміздің де аяқ алысы жаман емес. Қазір Қазақстанда шахмат ойыны кеңінен таныла түсті. Әсіресе, балалар мен жастар арасында. Мемлекет қамқорлығының арқасында 200 мыңнан аса адам тұрақты шаршы тақтамен айналыса бастаса, оның қыр-сырын үйрететін 7 мың үйірме жұмыс істейді.

Алматылық Медина Шлимова шахмат ойнауды 6 жасынан бастаған. Қазір 10-да. Әлем чемпионаты аясында ұйымдастырлыған шеберлік сабағына қатысып, белді ойыншылармен шаршы тақта алдында бағын сынап көрді. Арманым - халықаралық ареналарда ел намысын қорғау дейді.

Медина Шлимова, жас шахматшы:

Өз Қазақстаныма, анама, ініме көмектесемін. Жансая Әбдімәлік, Бибісара сияқты шахматтан жетістіктерге жеткім келеді.

Қазақстан шахматшылар федерациясының мәліметінше, биыл елімізде шахматқа қызығушылардың саны күрт артқан. Мамандар мұның барлығы Мемлекет тарапынан жасалып жатқан кешенді қолдаудың арқасында дейді.

Гүлмира Дәулетова, Қазақстан шахматшылар федерациясының атқарушы директоры:

«Жол картасы» осы жылдың соңына қарай бекітілетін болады. Ендігі жылдан бастап барлық мектептерде факультатив ретінде шахмат енгізіледі. 2-11 сыныптардың арасында олимпиада жүргізілетін болады шахматтан.

Екі күннің сайыс қорытындысы бойынша норвегиялық Магнус Карлсен мен үндістандық Арджун Эригайси көш бастап келеді. Ал қыздар арасында жерлестеріміз Жансая Әбдімәлік пен Зейнеп Сұлтанбектің аяқ алысы жаман емес. Осы қарқындарын жоғалтпаса жүлделі орыннан көрінуі мүмкін.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу