Кәсіпкерлік саласының дамуы жөнінен Ақтөбе облысы алдыңғы қатарда. Әсіресе іс бастаймын дейтін жастар көп. Мәселен, соңғы бір жылда кәсіпкерлер саны 20 пайызға артқан. Бұған бірінші кезекте, мемлекеттік қолдаулардың әсері мол.
Соңғы жылдары алыс аудандардағы жастар да кәсіпкерлікке ден қоя бастады. Бизнес негіздерін оқып, жеңілдетілген несие алу арқылы табысқа кенеліп отырғандар аз емес. Мәселен, Жүргенов ауылында тұратын Анар Бегімбаева бірнеше жылдан бері киім тігумен айналысады. Әр түрлі көрмелерге қатысып, тіпті, көршілес облыстардан да тұрақты тұтынушылар тапқан. Ол жуырда ісін кеңейтіп, тігін шеберханасын ашты. Болашақта бірнеше адамды жұмыспен қамтымақ.
Анар Бегімбаева, кәсіпкер:
Балалардың, ересек кісілердің бас киімдерін, сыртқа шығатын шапан, курткаларын, қыстық, жаздық киімдерін өндіре береміз. Жалпы киімдер бізде жеке тапсырыс бойынша тігіледі. Топтық та тігіледі.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Облыста іс бастаймын деген жастар көп. Әсіресе, жылыжай бизнесіне қызығушылар басым. Мәселен, мынадай 100 шаршы метр жерге жуа отырғызып, айына тоннадан астам өнім алуға болады.
Бұл кәсіпті Нұрсұлтан ағасымен бірге бастау үшін астарындағы көліктерін сатқан. Екі жыл бұрын ешкімнен қолдау күтпей, жылыжай құрылысына кірісті. Қазір 120 шаршы метр аумаққа жуа егіп, табысқа кенеліп отыр. Дайын өнімді сауда нүктелеріне жібереді. Енді осындай тағы бір жылыжай салуды жоспарлайды. Ол үшін мемлекет қолдауынан үмітті.
Нұрсұлтан Қалдыбай, кәсіпкер:
Тұқым егетін жер аз болғасын осындай 3 қатарлы етіп егу вариантын таңдадық. Қазір бұл жерде 3,5 тонна жуа тұқымы егіліп тұр. Жуаны отырғызғаннан кейін өнім алуға дейінгі уақыт 28-30 күн.
Президент өз жолдауында жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету ісі жалғасатынын және жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2 жарым пайыз шағын несие берілетінін айтты. Салада қазірдің өзінде алға жылжу бар. Облыста 89 мың кәсіпкер тіркелген. Соңғы бір жылда өсім 19 пайыздан асып отыр. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш дейді, мамандар.
Нұрхан Тілеумұратов, облыстық Кәсіпкерлік басқармасының басшысы:
Кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында 4035 жоба қолдау тапқан. Бұл 11 ай қорытындысы. Ақтөбе облысы басқа облыстармен салыстырғанда бірінші орында. Үлкен мегаполистерден де озып тұрмыз. Өткен жылмен салыстырғанда 6,1 мыңға өсім бар. 1 жылдың ішінде 6,1 мың жас кәсіпкер тіркелді. Өсім 65 пайыз.
Облыс кәсіпкерлері бір жыл ішінде 640 млрд теңгенің өнімін шығарған. Салада 166 мың адам еңбек етеді.
Жақсыбек Кемал