Елімізде соңғы 10 жылда мүгедектігі бар балалар саны 2 есеге артты. Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова осы мәселені көтеріп, Денсаулық сақтау министріне сауал жолдады. Мүмкіндігі шектеулі балғындар қатары неге көбейіп барады? Бұл кеселмен қалай күресеміз?
Жанаттың ұлы Темірланда туғанынан Даун синдромы анықталып, бірден 1-топтағы мүгедектік берілген. Мұндай ауру генетикалық ауытқушылық салдарынан туындайды. Анасының айтуынша, жүктілік кезінде іштегі балада бұл дерттің бары анықталмаған. Дүниеге келгесін ғана білген.
Жанат Тілеубаева, Темірланның анасы:
УЗИ-ға барған кезде бәрі дұрыс, дені сау бала деді маған. Мен білген жоқпын. Бұл мәселе бірінші болу керек, ең бірінші мәселе. Егер де ана сау баланы туса, біздің мемлекетте сау балалар, сау азаматтар болады.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде соңғы 10 жылда мүгедектігі бар балалардың саны екі есеге өскен. Тек былтырдың өзінде 13 мыңнан астам бүлдіршінге осындай диагноз қойылған. Жыл басындағы есеп бойынша, Қазақстанда 100 мыңға жуық балғын түрлі дертке шалдыққан.
Жанар Әлиева, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің бас сарапшысы:
Бірінші орында туы біткен даму кемістіктері, екіншіден, хромосомалық ақаулар, сосын жүйке жүйесі аурулары, төртінші орында психикалық даму ақаулары бар аурулар тұр.
Балалар неврологы, медицина саласының сарапшысы Қайырғали Көнеев мұндай динамиканың басты бірнеше себебін түсіндірді. Біріншісі - технология дамып, шала туған нәрестелердің өмірін сақтау мүмкін болды. Бірақ, шақалақтардың көбі, кейіннен, мүгедек балалар қатарына еніп жатады. Екіншіден, аналардың немқұрайлығы. Яғни, аяғы ауыр кезінде скринингтен өтпейді, жүктілікті жоспарламайды.
Қайырғали Көнеев, Медицина ғылымдарының кандидаты, балалар неврологы:
10 жылдың ішінде ана деген үнемі күйзелісте болып жатыр. Психологиялық күйзеліс. Әлеуметтік орта онша емес, ана босанарға дейін жұмыс істеуге мәжбүр. Отбасы ішінде ұрыс-керіс көп. Ол анаға, балаға әсер етеді.
Дәрігерлер бұл мәселені басты назарға алу керектігін алға тартып отыр. Өйткені, ұлт саулығы қашан да алдыңғы орында болуы керек. Ол үшін скринингтерді көбейтіп, ерте диагностикалауды қолға алған жөн. Бастысы, әлеуметтік-медициналық әлеуетті жақсарту қажет,- дейді мамандар.
Фариза Мұсақызы