Жетісу облысында биыл бес модульдік малдәрігерлік пункт салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында биыл бес модульдік малдәрігерлік пункт салынды

26.12.2022

Жетісу облысында биыл бес модульдік малдәрігерлік пункт салынды. Себебі аймақ екіге бөлінсе де, мал басы артып келеді. Сондықтан қазіргі басты мақсат төрт түлікке аса қауіпті індеттерді жұқтырып алмау. Ал ол үшін малдәрігерлерінің әлеуметтік жағдайын шешу міндеті тұр. Биыл ветеринарлардың жалақысы 30 пайызға артып отыр. Келер жылдың басынан тағы 30 пайыз еселенбек.

Алдабергенов ауылдық округінің малдәрігерлері модульді пункт салынғанша түрлі ғимараттарды паналап келді. Ал, қазір небәрі бір-екі айда бой көтерген әмбебап кешенде олардың барлық жағдайлары қарастырылған. Тұрғындар да ветеринарларды алыстан іздемейді. Тапсырыс беріп, жас төлін тіркетіп, сырғалатып, төрт түлігіне ем-дом алу жеңілдеді.

Біржан Жеңіс, ауыл тұрғыны:

Документімізді қазір бір демде жасап береді. Үйімізге жақын. Малымыз төлдейді, өздеріңіз көріп жатсыздар. Айтамыз, бір демде келіп, қорамыздан жасап береді. Бір жерге сүйреп, ары-бері сандалмаймыз.

Ардагелді Сасықбаев, Мал дәрігерлік учаскенің меңгерушісі:

Акиматта отырдық, колхоздың конторасында отырдық. Үйде де отырған кездеріміз болды. Қонақ үйде отырдық. Мынау енді алтыншы жеріміз. Жаңадан келіп қоныстанып жатырмыз.

Эпидемиялогиялық жағдай тұрақты болғанымен биыл облыс аумағында мал індетінің 11 ошағы тіркелді. Мамандар дер кезінде шара қабылдап, кең таралуына жол бермеді. Модульді пункттердің дәл осындай уақытта маңызы арта түседі.

Нұрлан Жамаубаев, Жетісу облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

Қан алу керек. Вакцинация жасалу керек. Вакцина бәрі бір жерде тұрып, бір жерден киім ауыстырып, өте тиімді. Малдарды егуге толық мүмкіндік бар.

Жалпы Жетісу облысында қой-ешкі саны 2 миллионнан асты. 650 мыңнан астам сиыр болса жылқы 200 мыңға жуық. Бұл көрсеткіш мал төлдету науқанында бірнеше пайызға артады.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

2023 жылы Жетісу облысында дәл осындай 18 модульді малдәрігерлік пункт салынады деп жоспарланып отыр. Мұнан бөлек мамандар арнайы планшеттер мен қызметтік көлікпен қамтамасыз етілмек.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу