Каспий итбалығының популяциясын қалпына келтіру жайы көптен айтылып жүр. Алайда нәтиже жоқ. Мұнан бөлек, елімізде балық шаруашылығының өндірістік және ғылыми базасы әлсіз. Сенатор Дүйсенғазы Мусин Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында осы мәселені көтерді.
2030 жылға дейін ішкі нарықта балықты тұтыну деңгейін 134 мың тоннаға ұлғайту, ал импорт көлемін 25 мың тоннаға дейін азайту жоспарланып отыр. Сенатор балық шаруашылығының дамуы елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін айтады. Саланы дамытуға арналған бағдарламаға түзетулер енгізуді ұсынды.
Қызметкерлердің жалақысын өсіріп, аумақтық балық қорғау органдарын заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге назар аудару қажет дейді.
Дүйсенғазы Мусин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Каспий итбалығының популяциясын сақтау мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрылуы – келешекте, мемлекетаралық келісімдер негізінде, трансшекаралық қорық құруға негіз болады деп білеміз. «Акваөсіру туралы» заң жобасының қабылдануының жеделдетілуі, сонымен қатар балық шаруашылығының заңнамалық базасын жетілдіру мақсатында Су және Жер кодекстеріне және басқа да заңдарға түзетулер енгізу - саланың дамуына жаңа серпін берері сөзсіз.
Дарын Сағитов