Дәрігерлерден зардап шеккендерге өтемақы төленуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәрігерлерден зардап шеккендерге өтемақы төленуі мүмкін

21.12.2022

Жұмыс барысында адам өліміне әкеп соқтырған іс-әрекеттері үшін медицина мамандарын жазалау шаралары жеңілдеуі мүмкін. Бүгін Мәжілісте «Денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Пациентке ауырлығы орташа зиян келтiрілсе, 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады, қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 50 тәулікке дейін қамауға алынады.

Адамға ауыр зиян келтiрілсе, 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу көзделген. Дәрігердің кінәсінен пациент қайтыс болса, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Басқа адамға «АИТВ» жұқтыруға әкеп соққан іс-әрекеттері үшін 5 жылға дейін «бас бостандығын шектеу» жазасы енгізілмек.

Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Денесіне орташа немесе ауыр жарақат алып келетін болса, міндетті түрде қылмыстық қудалау органымен қылмыстық іс қозғалады. Тергеледі, сараптама тағайындалады. 317-баптың 3-4-ші бөліміне келер болсақ, кісі өліміне алып келетін зардаптар, бұл жерде біздің позициямыз нақты. Бұл жерде жария түрде қылмыстық іс жүргізілу керек. Себебі адам өмірі – мемлекетіміздің құндылығы. Кез келген факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті бағасын алу керек.

Сонымен қатар енді дәрігерлерден зардап шеккен науқастарға өтемақы төленуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 2018-2020 жылдары жеке және заңды тұлғалардан 14 123 өтініш түскенін айтты. Оның ішінде жыл сайын 300-ге жуық іс медицина қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауына қатысты қозғалады. Адам өлімі көбіне хирургияда, оның ішінде акушер-гинекологияда, жарақат алу бөлімдерінде және анестезилогияда тіркеледі, - деді министр.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу