Қарағанды облысында жас кәсіпкерлерді қолдауға бөлінетін грант биыл екі есеге көбейді. Енді бизнес ашқысы келетін іскер азаматтарға 2 миллион теңгеден беріледі. Мемлекет басшысы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, табысын арттыруға барынша жағдай жасауды тапсырған болатын.
2 миллион теңге грантқа үміткерлердің бірі - Зәлімбаевтар отбасы. Олар жыл басында Абай ауданы әкімінің грантын жеңіп, жүн өңдейтін шағын цех ашқан. Енді кәсібін кеңейткісі келеді.
Марат Зәлімбаев, жеке кәсіпкер:
Ауылда ешкім жүн өңдеумен айналыспайды. Сондықтан шикізат табылады деп ойлаймын. Осы маңдағы ауылдардан жинаймыз. Кейін өңдеп, сатамыз. Қосымша 5 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарымызда бар.
Биыл қайтарымсыз қаржы алуға 315 үміткер өтініш берген. Олардың бизнес жобалары әр саланы қамтиды: қызмет көрсету, өндіріс, туризм және білім беру. Енді соның ішінен жеңімпаз 100 үміткер іріктеліп алынып, оқуға жіберіледі. Онда жас кәсіпкерлер қаржылық сауаттылықты үйренеді. Ал соның арасынан ең үздік 50 жоба демеуқаржы алады.
Сұлтан Шәймағанбет, «Жарқын болашақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Біздің мақсатымыз жаңағы 100 адамның бәрі өтпейді ғой. Соның 50-і грант алады, 50-і бос кетпес үшін білім алып кетсін деген ниет. Өйткені жас кәсіпкерлер кәсібін ашып алғаннан кейін үлкен сұрақтар туындайды. Соларға ұрынбас үшін. Осындай жаңалық енгізіп отырмыз.
Соңғы үш жыл ішінде өңірде кәсіп ашқысы келетін жастарға 700 миллион теңге көлемінде облыс әкімінің гранты берілген. Ал аудан әкімдерінің грантын қоссақ бұл сома екі есеге көп. Қайтарымсыз қаржының мақсатты игерілуін үш жыл бойы арнайы комиссия бақылайды. Бүгінде елімізде қағаз жүзінде ғана жұмыс істейтін, өзін-өзі нәтижесіз нәпақамен асырап жүрген 900 мыңға жуық адам бар. Осындай азаматтарды кәсіпкерлікке тарту, алғашқы капиталын қалыптастыру үшін қайтарымсыз грант беру халықтың әл-ауқатын арттыруға серпін береді.
Руслан Нұрланұлы