Аргентинаның чемпион футболшылары еліне оралды. Олар мінген авиа-лайнер Буэнос-Айрестің Эсейсе әуежайына бірнеше сағат бұрын қонды. Ал, алтын кубок ұстаған Лионель Месси мен команда тренері Лионель Скалони ұшақтан бірінші болып түсті. Содан кейін жеңімпаздар төбесі ашық автобустпен Аргентина футбол қауымдастығының штаб-пәтеріне аттанды.
Ала доп шеберлеріне алғыс айтуға, қошемет білдіруге сан мың адам жиналды. Қарсы алушылардың арасында жергілікті фанаттардың гиміне айналған «Муча-чос» әнін жазған «Ла Моска» рок тобы да болды.
Айта кетсек, бұл - Аргентина үшін 1986 жылғы чемпионаттан бергі алғашқы жеңіс. 36 жыл бұрынғы дүниежүзілік турнирдің бас жүлдесін Диего Марадона көтергені мәлім.
Арыстан Рысбек