Қарапайым халықты қымбатшылық қысып барады - Президент - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарапайым халықты қымбатшылық қысып барады - Президент

18.12.2022

Алдағы 7 жылда Президент сайлауалды бағдарламада берілген уәделерді орындауға басымдық береді. Халық құрғақ уәдеден жалықты. Оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Ал елде қордаланған проблема өте көп. Алғашқысы әрі ең негізгісі – қарапайым халықты қымбатшылық қысып барады деді, - Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
11 айда экономиканың өсімі 4,6-дан 2,7 пайызға дейін төмендеді. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш 19,6 пайыз. Азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асты. Тұрғындардың ақшалай табысының өсу қарқыны соңғы 5 жылдағы ең төмен деңгейде тұр.

Жуырда ғана Премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалған Алтай Көлгінов «мәселені шешудің жолы – отандық өндіріс» дейді.

Алтай Көлгінов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Инфляция асқақтамауы үшін бізде өзімізідің өндіріс болуы керек. Себебі инфляция бізге импортқа тәуелді болғаннан кейін, кейбір заттарға біздің бағамыз көтеріліп жатыр. Егер біз өзімізде өндіретін болсақ, сонда біздің бағалар тұрақтанатын болады.

Мәселенің шешімі болғанымен оны жүзеге асыра алатын маман жоқ тәрізді. Үкімет биылғы сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады. Қойылған міндеттер толық қанды орындалған жоқ деді, - Президент. Сондықтан...

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Келесі жылы біз орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадрлық өзгеріс жасаймыз. Бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдармен қоштасуына тура келеді. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет.

Ал қарапайым халық қарыздың астында отыр. Проблемалық кредиттің көлемі жарты триллион теңгеге жеткен. Жұрт бір несиесін жабу үшін жаңасын алуға мәжбүр. Мемлекет басшысы тұрғындарға берілетін тұтынушылық несиеге емес, бизнеске басымдық берілуі тиіс деді. Сондықтан екінші деңгейлі қаржы ұйымдары бас банктің ноталары арқылы табыс тапқысы келсе салық төлеуге міндеттеледі.

Мақсат Халық, экономист:
Екінші деңгейлі банктер артық қаражаты болса, Ұлттық банк ноталарына салып қоятын әдеті бар деді. РЕПО дейтін операциялар бар. Сол жерде отырып, табыс таба береді. Өйткені базалық мөлшерлеменің өзі жоғары. Ал ондай оп-оңай келіп тұрған табыс тұрған кезде қандай екінші деңгейлі банк тәуекелге барып бизнесті қаржыландырғысы келеді?! Демек, бұл дұрыс емес.

Қит етсе қазынаға қол сұғуды доғару керек. Осылайша алдағы 7 жылда Ұлттық қордағы ақшаны 100 млрд долларға жеткізу мақсат деді, - Президент.

Мемлекет басшысы елдегі проблемаларды 7 тармаққа бөліп, жіліктеп берді. Тіпті қазір аудандық, қалалық деңгейде шешілуі тиіс мәселелерге Президенттің араласуына тура келіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев кадр мәселелесін қазірден шешу керек екенін айтып, Үкімет басшысына тосыннан сұрақ қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Келесі жыл қазіргіден де күрделі қиын болуы мүмкін. Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма?

Қатаң сынның астында қалған үкімет екі күннен соң Президенттің қатысуынсыз тағы отырыс өткізді. Әдетте жылы жүздесіп, жиынға дейін емен-жарқын отыратын министрлер бұл жиынға ерекше дайындалды. Алайда Президенттің нақты сұрағына жауап тағы болмады. Әлихан Смайылов өзі үшін жауап берді. Өзге министрлерге таңдау құқығын берді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Мен Премьер-министр ретінде Президент жүктеген міндеттерді әрі тиімді шешуге бар күшімді саламын деп айтқым келеді. Және жауапкершілікті аламын. Осында отырған әрбір Үкімет мүшесінен де нақты жұмыс күтілуде. Ал қолымнан келмейді, шешім қабылдай алмаймын деген әріптестеріміз қазірден орнын босатуы керек. Орындарыңызға басқа адамдар келеді.

Бірақ Үкімет мүшелерінің барлығы халыққа жаны ашитын, жауапкершілік алып, батыл шешім қабылдайтындардың қатарынан болса керек. Премьердің «орнын босатсын» деген талабына үн қатпады.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Мен өз тарапымнан бүкіл күшімді саламын. Мен қызметімді жалғастыруға дайынмын.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Денсаулық сақтау саласына байланысты көрсеткіштер былтырмен салыстырғанда, тіпті екі-үш жылмен салыстырғанда жақсарып келеді. Қазір мен қызметімді істеуге дайынмын.
Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Бірден ашық жауап берейін. Иә, егер маған соны сеніп тапсырса Үкіметтің қазіргі құрамымен жаңа жылға аяқ басуға дайынмын.

Әзірге министрлер кабинетін босатқысы жоқ. Алайда, алдағы уақытта олардың жұмысына бақылау күшейетінін түсінген сыңайлы. Оның үстіне енді әкімдер мен министрлердің жұмысы күрделі статистика, есеп-қисаппен емес нақты нәтижемен өлшенбек.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу