Алматы облысында құс етін өндіретін ірі зауыт іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында құс етін өндіретін ірі зауыт іске қосылды

15.12.2022

Алматы облысында құс етін өндіретін ірі зауыт іске қосылды. Өнімнің дені экспортталады. Кешенді жобаның жалпы құны - 98 млрд теңгеге жуық. Осы сома үш кезең толық жүзеге асқанша игерілмек. Кәсіпорын алғаш рет 115 мың жұмыртқаны қабылдап, қолдан етті тауық өсіруді бастады.

540 гектар аса аумақта жем зауыты, 24 құс үйі, инкубатор, тазарту қондырғылары, құс сою және шұжық цехы салынған. Балапандарды бордақылау алаңдары да дайын.

Александр Гарбер, «Прима құс» ЖШС акционері:
«KazakhExport» және RBK банкінің қолдауының арқасында жоба жоспарлы түрде жүзеге асты. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде құны 33,5 млрд теңге болатын құс кешенінің алғашқы кезеңі салынып, пайдалануға берілді. Екінші кезеңге келер жылдың ақпан айында кірісеміз.

Инкубатор ғимаратына қажетті жабдықтар Нидерландтан әкелінген. 20 млн дана жұмыртқадан балапан шығаруға қауқарлы. Жоспар жүзеге асса, тауық еті мен жартылай дайын өнімдерді шетелге шығару жоспарланған.

Тимур Қуаныш, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ бас менеджері:
«KazakhExport» несие сақтандыру құралы бойынша қолдайтын сомасы 27 млрд теңге. Құс еті өнімдері Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің нарығына экспортталу жоспарлануда.

Жоба кәсіпорын орналасқан Ұйғыр ауданына жаңа серпін береді деп жоспарланған. Зауыт құстың жеміне қажетті бидай мен жүгеріні жергілікті шаруалардан сатып алмақ. Қазірдің өзінде зауытта 400 жұмыс орны құрылған. Олардың басым бөлігі жақын ауылдардың тұрғындары.

Шухрат Нурахунов, Ұйғыр ауданының әкімі:
Үш кезең біткеннен кейін 1100 жаңа жұмыс орны ашылады. Әрине, тұрғындар күтіп отыр, осы кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуіне одан әрі дамуына.

Қазір жұмыртқаның алғашқы партиясы жаңа технологиямен жабдықталған инкубаторға кіргізілді. Келер жылдың қаңтарында балапан шығарып, өсіріп, бір айдан кейін алғашқы өнімді сату жоспарланған.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу