Қазақстанда 30 гектар ғана лимон бағы бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда 30 гектар ғана лимон бағы бар

15.12.2022

Түркістан облысы Бағыс ауылында тұратын Манатәлі Таңсықбаев тропикалық белдеуде ғана өсетін жемісті Сарыағаш топырағына жерсіндірді. Осыдан бірнеше жыл бұрын жарты гектардан сәл астам жерге лимон ағашын отырғызған ол, жылыжайдан жыл сайын 60 тоннадан астам өнім жинап, табысын еселеп отыр.

Әрбір қиындық жаңа бір іске құлаш ұрғызады. Алғашында жылыжайға қызынақ пен қияр еккен Манатәлі зиянкестермен күрес қиындап кеткен соң лимон өсіруге бел буады. Сөйтіп, цитрус жемісін өсірген бағбандармен кездесіп, тәжірибесін үйренеді. Тәуекел етіп, 640 түп «Меир» деп аталатын сортын отырғызады. Ол грузиялық және қытайлық лимон сортының будандасқан түрі. Қабығы жұқа. Әрі өнімі мол. Оның үстіне лимонның өсуіне 5 градус жылылық жетеді.

Манатәлі Таңсықбаев, бағбан:
Бұның тағы бір жақсы жері 50 жылға дейін жасай береді. «Атаңнан мал емес, тал қалсын» дейді ғой. Ертең мынаны 50 жылдан соң бұтап, кесіп, ескі шақтарын алып тастаса тағы 50 жыл өнім аласың.

Лимон алғашқы 2-3 жылда табыс әкелген жоқ. Бағбан ағаш тамырының, бұтақтарының жетілуіне күш салды. Алғашында бір түптен небәрі 20 килограмм жеміс алды. Қазір әр ағашта 150-200 келіге дейін өнім бар.

Еңбекқор отбасы қазір өнім жинау үстінде. Жемісті еліміздің өзге аймақтарынан келіп, тонналап сатып алатындар көп. Одан қалса, Манатәлінің өзі Ресей мемлекеті мен Алматы, Астана қалаларына апарып, саудалап келеді.

Манатәлі Таңсықбаев, бағбан:
Енді үкіметтен жәрдем тиетін болса, бұдан басқа апельсин, мандарин, лайм дейтін түрлері бар. Қазақстанда мысалы, лайм жоқ. Оның килограмы 2,5 мың теңге. Келешекте соны ексем деймін.

Бағбандардың есебінше, Аргентина, Түркия, Қытай, Тәжікстан мен Өзбекстаннан елімізге жыл сайын 150 мың тоннадан астам цитрус өнімі әкелінеді. Ал әзірге Қазақстанда 30 гектардың төңірегінде ғана лимон бағы бар. Манатәлі лимон өсірудің қыр-сырын өзгелерге үйретуге даяр. Бұл іске қызығушылар көбейіп, мемлекет қолдау білдірсе, өзге елдерге тәуелділігіміз де азаятын еді,- дейді ол.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу