Ақтөбе облысына 70-ке жуық медицина маманы қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысына 70-ке жуық медицина маманы қажет

12.12.2022

Елдегі ауыл тұрғындарының сапалы ем алуы жыл өткен сайын қиындап барады. Шалғайға дәрігер аяқ баспайтындықтан, қалаға баруға мәжбүр. Бір ғана Ақтөбе облысына 70-ке жуық медицина маманы қажет. Аурухана, емханалар әлі күнге дейін жеткілікті мөлшерде қаржыландырылмай келеді. Кейбірі тіпті қарызға батқан.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл Мәртөк ауданына қарасты Сарыжар ауылы. Елдімекенде 5 мыңнан аса халық тұрады. Осынша тұрғынға тек мына шағын амбулатория ғана қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, жедел жәрдем көлігіне де қажеттілік бар.

Қазір ауылда бір жедел жәрдем көлігі ғана бар. Ол аздық етеді. Себебі, ол науқасты аудан орталығына алып кеткен жағдайда, басқалары сағаттап күтуге мәжбүр. Ал он жыл бұрын салынған амбулатория ауыл халқына тарлық етіп тұр. Мұндағы қызметкерлердің жалақысы 180 мен 300 мың теңге аралығында. Қымбатшылық қысып тұрған кезде оның өзі аздық етеді дейді мамандар.

Айгүл Иманғалиева, аға дәрігер:

Бізге таршылық етеді. Себебі, күндізгі стационарда бізде 4 койка жұмыс жасайды. Әрине, 10 койка, 8 койка болса, жақсы болар еді. Медбикелердің алатыны 200-180 мың. Әрине, айлық өскенін қалаймыз.

Ал шалғай ауылдарда жағдай тіпті күрделі. Бас ауырып, балтыр сыздай қалса, аудан орталығындағы ауруханаға жетудің өзі мұң. Жеткен күннің өзінде қажетті дәрігер жоқ. Мәселен, Әйтеке би ауданына соңғы екі жылда «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен бірде-бір адам бармаған. Жақсы жалақы мен тегін баспананың өзі мамандарды қызықтырмай отыр.

Жамбыл Жайлыбаев, Әйтеке би аудандық аурухана жетекшісі:

Ауылға қазір мамандар келмейді. Себебі, бұл шалғай ауданның бірі. 310 км орталыққа. Соған байланысты көбі келмейді. Қазір көптеген маман жетіспейді. Негізі реанимотолог, окулист.

Бұл мәселе Сенат қабырғасында да көтерілді. Депутаттардың айтуынша, медициналық ұйымдарға қаражат жеткіліксіз бөлініп келеді. Соның кесірінен ауылдағы қарапайым халық зиян шегіп отыр.

Амангелді Толамисов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Өкінішке қарай, Денсаулық сақтау министрлігі де, ӘМСҚ-да осы уақытқа дейін бұл қаражаттың ұлғаюына қол жеткізген жоқ. Соның салдарынан ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша денсаулық сақтау ұйымын қаржыландыруда күрделі жағдай қалыптасты.

Сенатордың айтуынша, денсаулық сақтау ұйымдары еңбекақы төлеу бойынша, салықты уақтылы төлеуде, дәрі-дәрмек сатып алуда және коммуналдық қызметтерді төлеуде түрлі қиындықтарға тап болуда. Емдеу-профилактикалық ұйымдардағы кредиторлық берешек те өскен. Мұндай мәселе Ақтөбе облысында да бар.

Бекболат Ізбасаров, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Шамамен 4-5 мекеменің сондай қаржылық берешегі бар. Кейбірінің жыл соңына дейін жабатын жағдайы бар.

Ауыл емханаларының техникалық жарақтандырылуы да өзекті мәселе. Аудандардағы жедел жәрдем автокөліктерінің 80 пайызы ескірген. Сондықтан медицина қызметкерлері оң өзгерістерді күтеді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу