Биыл «Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңның қабылданғанына тура 30 жыл. 1992 жылы 18 желтоқсанда осы құжат күшіне енген екен. Келер жексенбі «мерейтойлық дата» деп қуанатын жағдай емес. Әу баста семейліктердің әлеуметтік мәселесін шешу үшін бұл заңның толық әлеуеті жетпейтін еді. 30 жылда, тіпті, сарқылып қалған. Қайбір жылдары бірнеше бапқа өзгертулер енгізілген. Бірақ ереже шала күйінде қалып қойған. Ядролық сынақтардың зардабын тартып отырған жұрт 30 жылдан бері осы мәселені билікке айтумен келеді. Бірақ, нәтиже жоқ. Өңірде денсаулық сақтау, зардап шекендерге әлеуметтік көмек көрсету деңгейі тым нашар. Дені түзу оңалту орталығы да жоқ. Ал полигоннан келген кеселдерден халық айығып кетпейтіні анық.
Жауапты министрліктер, депутаттар болсын, семейліктердің бұл проблемасын шешуге не құлықсыз, не құдыреті жетпейтін сияқты. Өйткені «Апта» редакциясы осы мәселені көтергенде көбінің камерадан тыс берген жауабы мынадай: «саяси ерік пен шешім керек»! Олардың меңзегені президент шығар?! Халық та бар үмітін мемлекет басшысына артып отыр. Ержан Жақыптың материалы.
«Апта»-ға осы материал әзірленіп жатқанда Абай облысы тұрғындарының аманатын арқалаған «Полигон-21» қоғамдық ұйымының бастамашыл тобы Экология, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Энергетика министрлерінің қабылдауында болды. Абай, Қарағанды, Павлодар облыстары мен полигонға іргелес аумақ тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатының жағдайын тереңірек талдау үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы шешім шығарған. Халық нәтижесін тағы 30 жыл күтпейді деп үміттенейік.
Осыған дейін арнамызда сан мәрте көтерген тағы бір мәселеге тоқталайық. «Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» жаңа заң керек. Ескісі 1992 жылы қабылданған. Алайда, бірнеше бапарына өзгерулер енгізілген ереже шала күйінде қалған. Тіпті оның өзі толық орындалмайды. Атом аждаһасының кесірін тартқан жұрт 30 жылдан бері осы мәселені билікке айтумен келеді. Бірақ, нәтиже жоқ. Өңірде денсаулық сақтау, зардап шекендерге әлеуметтік көмек көрсету деңгейі тым нашар. Енді халық, қаптаған депуттар мен министрлер шешуге құлықсыз мәселеге Президент тікелей араласып, ретке келтіре ме деген үмітпен отыр. Өңірден Ержан Жақыптың материалы
75 жастағы Серікқайша Мәденова Семей сынақ полигонының дәл іргесіндегі Саржал ауылының тумасы. Атом кесапатын бала кезден көрген. Айтқан естеліктерінен жаны түршігеді.
Серікқайша Мәденова, Саржал ауылының тұрғыны:
Менің әкем өмір бақи осы жердікі. Сол полигонда сиыр бақты. Шешем 15 бала тапқан. 15 баладан мен жалғыз қалдым. Сол полигонның түбінде отырды ғой. Бірақ күнде балалар ауырады. Екіден өлген күндері болды. Балаларды жер ошақ сияқты қазады да көме аламыз. Бізді қойшы енді. Мына балларымызға, ұрпақтарымызға көмек керек.
Он құрсақ көтерген ананың 36 жастағы ұлы да полигон салдарынан мүмкіндігі шектеулі. Жұмысқа жарамсыз. Бұл осындай көптеген отбасының қасіреті. Семей өңірінде қазір 1500 ге жуық бала туа бітті мүгедек. Дені сынақ салдарынан. Бірақ, оларға лайықты көмек жасалмайды. Өйткені, талапқа сай оңалту орталығы жоқ. 15 жылдан бері тек 35 балаға ғана қызмет көрсететін жалғыз мекеме жұмыс істеп келеді. Бірақ, онда емделуі тиіс 200 ден астам жеткіншектің кезек күтумен күндері, өтіп жатыр.
Рымжан Тынысова, Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:
Психоневрология, қимыл апараты бұзылған, оның ішіне коляскадағылар кіреді. Жатқан, өте ауыр жатқан балалар бар. Стандарт бойынша олардың бәрі қызмет алуы керек. Бірақ, біздің ғимарттың жағдайына байланысты біз балаларды ең көп кеткенде 15 жасқа дейін ғана ұстай аламыз.
Әсел Жампейісованың ұлы сәби кезінен осы орталықтан ем алып келеді. Жақында баласы 14 жасқа толады. Есейген баласын енді қайда апарарын білмейді.
Әсел Жампейісова, Семей қаласының тұрғыны:
Баламның орталыққа одан әрі де келгенін қалаймын. Бірақ, бұл жер тар. Басқа ғимарат керек. Астана, Алматы мен Өскемендегі сияқты оңалту мекемелері болса. Бізде өкінішке орай бары осы.
Жергілікті билік жақында жаңа ғимаратты қолданысқа береміз-деп уәде еткен. Оның құрлысы аяқталды. Алайда 150 орынға ғана лайықталған әлеуметтік мекеме түйткілді түгелдей шеш алмайды. Сондықтан, мәселе тағы алдағы жылдардың еншіне қалатын сыңайлы.
Айдар Садырбаев, Абай облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы:
Кешенді жоспарда бекітіліп жатса, келешекте 150 орындық екі оңалту орталығын салу көзделіп отыр.
Дерт атаулы дендеген өңірде қазір жүрек-қан тамырлары ауруы, тұқым қауалайтын кеселдер мен қатерлі ісік өршіп тұр. Облыста обыр дертіне ұшыраған адамдардың саны да орасан.
Қуантқан Жабағин, Ядролық медицина және онкология орталығы директорының орынбасары:
650 мыңға жуық халық бар десек облысымызда. Соның ішінде 7 мыңнан астам халық бізде тіркеуде. Жылына бізде аурушаңдық 1200-1500 ге дейін жетеді. Яғни 1500 адам бір жыл ішінде онкологиялық аурумен тіркеуге алынады.
Бұл өңірдегі денсаулық сақтауға қатысты мәселе ғана. Одан бөлек экологиялық аймақ тұрғындарына берілетін төлем түкке тұрғысыз. 4 мың теңгеден сәл асатын қаржыны мемлекеттік мекемелердегілер ғана алады. Өзге қалаға барып жұмыс істейтіндерге ол да жоқ. Семей тұрғындарының көңілін күпті қылатыны, Арал қасіретін көрген халыққа тағайындалатын үстемақының көлемі жер мен көктей. Сондықтан, Абай облысының жұртшылығы бұл- әлеуметтік әділетсіздік, деп санайды.
Сәкен Ділдахмет, ҚР ЕХӘҚМ баспасөз хатшысы:
Арал өңіріндегі экологиялық зардап шеккен азаматтарға, олардың айлықтарына жаңағы 1,5 есе, 1,3 коэффиценттер көрсетілген. Бұл көмектердіңі барлығы сол заңның аясында.
Серік Ақышев, қоғам белсендісі:
Арал тағдыры. Олардың бүгінгі күні тағдырлары шешілген. Оларға үкіметтен орасан зор көмек көрсетіліп жатыр. Осындай көмек бізге де болса деймін. Біздің қанша жазығымыз бар? Халқымыздың қанша жазығы бар. Бұл полигонды ешкім де сұрап алған жоқ.
Семей полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңның осындай олқы тұстарын қоғам белсендісі, Серік Ақышев та талай жылдан бері көтерген. Өңір халқының аманатын депуттардан бастап, министрлерге дейін жеткізді. Бірақ оған селт етер ешкім табылмады. Енжарлық танытып келген шенеуніктерге Президент те кешенді бағдарлама жасау үшін бірнеше рет тапсырма берген. Халық нәтижесін күтумен жүр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
Полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік, лайықты деңгейде болуы қажет. Үкіметке полигон аймағындағы халыққа берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын.
Серік Ақышев, қоғам белсендісі:
Бір кезде осы Семей қаласында 150-200 мыңдай адам зардап шексе әрине олардан қалғаны қадау-қадау ғана. Мемлкет басшысының бір ауыз сөзі болмаса шешілмейтін мәселе екеніне менің көзім жетті.
Семейліктер үмітін әлі де үзген жоқ. Биыл облыс белсенділері «Полигон 21» атты қоғамдық ұйым құрып, халықтан қол жинауға кірісті. Ол арқылы заңды өзгертіп, әлеуметтік қолдауларды басқаша қарастыруды талап етіп отыр.
Марат Құрманбай, «Полигон 21» қоғамдық ұйымының жетекшісі:
30 жылдай уақыт өтіп кетті. Ол заң бүгінгі күнде өзнің күшін жойыд деп айтуға болады. Өйткені ол заң жұмыс істемейді. Белсенділердің бүгінгі көтеріп жүргені, сол заңның орнына қайтадан жаңа заң қабылдау.
Атом сынақтарынан зардап шеккен адамдардың санын мамандар соңғы жылдары қайта есептеп шығарған. Қазір шамамен 1,5 млн адам осы санатқа жатады. Радиация кесірі ұрпақтан-ұрпаққа берілетіндігін ғалымдар дәлелдегендігін ескірсек, бұл сан жыл өткен сайын артпаса кемімесі анық.
Ержан Жақып, тілші:
Абайша айтсақ, «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым. Одан да шықты жаңғырық. Баяғы жартас, бір жартас, Қыңқ етер түкте байқамас» -демекші 30 жылдан бері семейліктердің айтқан мұңына «қыңқ» етер ешкім табылмады. Енді «еститін үкімет» ескереді деген үмітпен қарап отыр халық.
Ержан Жақып