Роботтар кез келген салада адамдарға бәсекелес бола бастады. Бұл түптеп келгенде келешекте көп жұмыс құлтемірге тапсырылады деген сөз. Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметі бойынша, 2025 жылға қарай жасанды интеллект әлем бойынша 85 миллион адамды ауыстырады.
Жалғас Сәдібекұлы, журналист:
Бұл - елу мың студент тұратын Джордж Мейсон университетінің кампусы. Осы шағын қалашықтағы ас-су жеткізу қызметі үш жылдан бері роботтардың мойнында. Міне, мынадай қаз қатар тізілген боттарды әрбір ас әзірлейтін дәмхананың жанынан көруге болады.
Манхеттан пицца дәмханасы. Онға жуық құлтемір 24 сағат қызметінде. Міне, интернет тапсырыс түсті. Даяшы клиенттің тағамын роботтың ішіне салып, гео локациясын телефон арқылы енгізді. Болды. Ендігі жеткізу алты аяқты ақылды көмекшінің міндеті. Міндетін мүлтіксіз атқаратын курьер жолға шықты. Көшеде өзі секілді роботтар өріп жүр. Мына кадрларға қарап құдды бір фантастикалық фильм түсіріліп жатқан алаңға тап болғандай күй кешесің. Халыққа да мұндай көрініс таңсық емес секілді. Жолын көлденең кесіп өтетін құлтемірлерді елеп те жатқан жоқ. Қалашықта бір уақытта жүздегені жұмыс істеген соң, роботтардың бір-біріне соғылып, жолға таласып қалатын кездері де болады.
Белла Врациу, студент:
Кейде сыртқа шығуға ерінемін. Сондықтан оны маған біреу әкеліп берсе, жақсы болар еді. Сол себепті де маған роботтар ұнайды.
Жалпы, роботтар діттеген жеріне жолынан жаңылмай жету үшін тоғыз сенсорлы камерамен жабдықталған. Олар бәрін бақылап, кедергілерді айналып өтіп отырады. Егер қандайда бір адам әдейі жолын бөгесе, дереу орталыққа хабарлама жібереді әрі ескерту жасайды.
Боттар арқылы тапсырып беру де аса қиын шаруа емес. Смартфон ғана қажет. Робот жетуіне екі минут қалғанда және жеткен кезде смс хабарлама түседі. Оның қақпағын да кез келген адам аша алмайды. Тек тапсырыс беруші арнайы кодты енгізген жағдайда ғана ішіндегі затты алу мүмкін болмақ. Миссиясы аяқталғанда бастапқы орнына қайтады. Бір бот бір уақытта он келіге дейін зат таси алады.
Чип Комерия, робот жасаушы компанияның өкілі:
Осыдан 10, 20 жыл бұрын тамақты робот жеткізе алады деп кім ойлады. Бүкіл әлем бойынша қазір бізде 2000-ға жуық робот бар. Бірнеше апта бұрын әлем бойынша 4 миллионыншы жеткізу тапсырысын орындадық. Бір робот бір күнде орташа есеппен он адамға қызмет көрсетеді.
Роботтар күні-түні жұмыс істей береді. Жеті шақырымға дейінгі радюсты қамтып, тапсырыстарды әрі кетсе он бес минутта жеткізіп береді. Жаңбыр мен қар да кедергі емес. Десе де кейде қалың қар түссе, жолда тұралап қалады екен. Ондайда арнайы қызмет мамандары көмекке жетіп жолға салып жібереді. Құлтемір арқылы тапсырыс беру құны екі доллар. Яғни, курьердің ақысынан екі есе арзан. Демек қызметі сатушыға сатып алушыға да тиімді деген сөз.
Бірақ,адамдардың өмірін жеңілдету үшін жасалған бұл боттар қазірдің өзінде осы қалашықтың өзінде жүздеген адамды ауыстырды. Әлемде, әсіресе, осы Америкада жасанды интеллект салаларды қарқынды жаулап жатыр. 2030 жылға дейін бір АҚШ тың өзінде сексен миллиондай жұмыс орны автоматтандырлуы мүмкін. Көшеде жүйткіген роботтарға қауіппен қарайтындардың да табылуы содан болса керек.
Жалғас Сәдібекұлы