АҚШ-та медбикелерге роботтар көмектесіп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та медбикелерге роботтар көмектесіп жүр

08.02.2023

АҚШ-тағы медициналық орталықтар медбике тапшылығын технологияның көмегімен шешуге кіріскен. Күні түні, талмай жұмыс істейтін құлтемірлер қазірдің өзінде тиімділігін дәлелдеп үлгеріпті.

Көк көзді, бір жарым метрлік роботтардың Чикаго госпиталінің дәлізін босатпай жүргеніне жарты жылдан асты. Осы аралықта дәрігерлердің таптырмас тіл алғыш көмекшісіне айналып үлгерді. Қажетті медициналық құралдарды тез жеткізіп береді. Нәтижесінде аурухана қызметкерлеріне түсетін ауыртпалық азайып, ақ халаттылардың қолы ұзарды.

Том Анжелос, Эльмхурст мемориалдық госпиталь дәрігері:

Мен күн сайын аурухананың бір шетінен екінші шетіне зыр жүгіретінмін. Керек заттарды жеткізу үшін қаншама шақырым жүріп тастайтын едім. Себебі, біздің аурухана өте үлкен. Ал роботтар сол машақаттан құтқарды. Есесіне енді пациенттеріміздің жанында көп боламыз

Дәрігерлер керек медициналық заттарға сұрауды электронды түрде енгізеді. Роботтар қолындағы жеке куәлік белгісімен кез келген есікті өзі ашып, діттеген жерін жаңылмай тауып барады. Тапсырысты әрі кетсе он бес минутта әкеліп береді екен. Келген кезде дыбыстық сигнал шығарып, дәрігерге жеткенін хабарлайды. Ақ халаттылар өздерінің қызметтік белгілерін сканерлеген кезде ғана құлтемірдегі дәрі дәрімек салынған қалта ашылады.

Хирал Патель, госпитальдің инновациялар жөніндегі директоры:

Ауруханамызда екі робот бар, олар 24 сағат үзіліссіз жұмыс істейді. Тек қуаттауға ғана аз уақыт кетеді. Бұл өте жақсы болды. Екеуі алты адамның жұмысын атқарып жатыр. Өйткені, бізде екі жылдан бері кадр тапшылығы мәселесі бар.

Екі робот ай сайын шамамен 1800 тапсырыс орындайды, жарты жылда 1,600 шақырым жүріп тастаған. Әзірге науқастарға көмекке жіберілмейді екен. Себебі, тұрғындар оларға әлі де сенімсіздікпен қарайды. Десе де бұл уақытша жағдай болса керек. Мамандар көп ұзамай роботтардың пациенттерге дәрігерлік кеңес беретін деңгейге жететіне сенімді.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу