Санкциялар ЕАЭО елдерінің экономикасына қысым жасайтынын мойындау керек - Тоқаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Санкциялар ЕАЭО елдерінің экономикасына қысым жасайтынын мойындау керек - Тоқаев

09.12.2022

Еуразиялық экономикалық одақ енді инвестициялық, инновациялық бағытқа бет бұрмақ. Бүгін Бішкек Саммитінде бес ел басшысы осындай байламға келді. Осы тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның цифрлық тәжірибесін пайдалануға шақырды. Одақтың алдағы тағдырына қатысты тараптар тағы қандай шешімге келді? 

Еуразиялық экономикалық одақ - 180 млннан аса халықты біріктіріп отырған алып нарық. Бірақ, қарқыны баяу. Кеденде кедергі көп. Ашықтық бақылау жетіспейді. Контрабанда, заңсыз тасымал әлі де бар. Оның барлығын жою қажет. Әйтпесе, көлік-логистикадағы мәселелерді шешу мүмкін емес.

Эльдар Абакиров, Қырғызстанның экономика министрінің бұрынғы орынбасары:
Құжатта жазылған экономикалық келісімдердің көбі іске асып жатқан жоқ. Одақтың негізгі қағидасы тауар, қызмет, қаржы мен жұмыс күшінің еркін айналымы. Бірақ Қырғызстан тауар тасымалдаушылары қауымдастығының айтуынша, Қазақстан арқылы Ресейге транзитпен өтетін жүк көліктеріне шекарада кедергі көбейді. Тауарды өткізу үшін сағаттап, кейде тәулік бойы тұрады.

Бұл кедергінің шегі емес. Кідіріс – геосаяси жағдайдың ушығуы, көлік -логистикалық тізбектердің үзілуіне де байланысты. Оның үстіне одаққа мүше Ресей санкция астында қалды. Содан болар, бес мемлекет басшылары бүгін түгел жиылды. Тараптар ортақ проблемаларды әуелі шағын, кейін кеңейтілген құрамда талқылады.

Қиындықтарға қарамастан, өзара саудаға күш салынып жатыр. Тауар айналымының көрсеткіші тәуір. Әсіресе, Қазақстанның одақ елдерімен алыс-берісі, барыс-келісі қарқынды. Сауда-саттық 7%-ға артты. Арта да береді. Егер түйткілдер шешілсе…

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Биыл әлемдік экономика үшін өте ауыр жыл болды. Халықаралық қоғамдастық пандемия зардабынан айығып үлгермей жатып, жаңа геосаяси және экономикалық сын-қатерлермен бетпе-бет келді. Біз бүгінде әлемдегі сауда-саттықты айтарлықтай шектейтін түрлі тыйымдар, квоталар мен баж салықтары енгізіліп жатқанын көріп отырмыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйымдардың болжамы да көңіл көншітпейтінін айтты. Одақтағы инфляция деңгейі 11 пайыздан асып кетті. Ортақ шешімдер керек, деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Белгілі санкциялық шектеулер Одаққа мүше барлық мемлекеттің экономикасына қысым жасайтынын мойындау қажет. Сондықтан елдеріміздің комиссиялары мен үкіметтері бұл мәселеге ерекше назар аударып, санкциялық шектеулердің әсерін жеңілдету жолдарын ұсынуы керек.

Бақылаушы мәртебесіне ие Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев жиынға келмеді. Орнына премьер-министрі Адбулла Арипов қатысты. Түрлі шектеулерге қарамастан, әлем елдерінен одаққа қызығушылық басым. Еркін сауда айналымына 20-ға жуық ел ниет білдіріп отыр. Алыс-беріс еуразиялық өңірмен шектелмейді. Басқа құрлықтағы Куба да бақылаушы ел қатарында. Демек, географиялық ауқымы өсіп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үндістан, Мысыр, Индонезия және Израильмен еркін сауда аймағы туралы келісімдерге қатысты жұмысты жеделдеткен жөн. Бұл жөнінде бірнеше рет айттым.

Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда аймағы туралы келісім бойынша келіссөз басталғанын қолдайды. Бұл бастаманың келешегі зор әрі бүкіл «Еуразиялық бестіктің» мүддесіне сай келеді деп санаймын. Енді осы процесті созбалаңға салмау маңызды.

Интеграция игілігін бес ел халқы теңдей сезінуі тиіс. Әсіресе, кәсіпкерлер. Дегенмен, бірқатар салада олқылық көп. Мәселен, цифрлық саясат. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта Қазақстан үлгісін қолдануға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Одақтың цифрлық күн тәртібіндегі жұмыстардың нәтижесі көрінбейді. Қазақстан бұл бағытта айтарлықтай алға жылжыды. Бүгінде біз цифрландырылған отыз мемлекеттің қатарына кіреміз. Елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетіледі. Криптоиндустрия дамып, цифрлық теңге енгізіліп жатыр. Осының бәрін интеграцияны дамытуға, еуразиялық ауқымдағы жобаларды жасауға пайдалануымыз керек деп есептеймін. Біз Одаққа мүше елдерді осы бағыттағы жұмысты жандандыруға шақырамыз.

Еңбек миграциясы. Мәселе әлі де бар. Азаматтарды жұмысқа орналастыру рәсімдерін жеңілдету керек. Тоқаев осындай ой тастады. Тағы бір маңызды бағыт - туризм. Бестіктің әлеуеті зор. Тек бірлескен жоба аз. Президент жаңа тәсілдерді ұсыну керегін айтты. Ал Ресей басшысы Владимир Путин тауар айналымына тосқауыл болатын кедендік және әкімшілік кедергілерді тездетіп жоюды ұсынды. Беларусь президенті Александр Лукашенко аймақта сауда блоктарын құру, ұлттық валюталарда есеп айырысу және энергетика мәселелерін қарастыру қажет,-деп санайды. Бес ел басшысының қатысуымен Ала-арча сарайында 15 құжат бекіді.

Асима Нұрбайқызы, тілші:
Әуелі үштік одақ, кейін бестік бірлестік. Сарапшылар осы жолы құрамның қатары артады деп болжам жасаған еді. Расталмады. Тек бақылаушы елдердің саны көбейеді. Ал тараптардың алдағы жылға жоспары ауқымды. Интеграция процесін тежейтін емес, тездететін тәсілдерден үмітті. Тараптар кеңес соңында келесі отырыс өтетін орынды да белгілеп алды. Алдағы жылдың мамыр айында Ресейде кездесуге уағдаласты.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу