Ақтөбе облысының тұрақтандыру қорындағы картоп шіріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысының тұрақтандыру қорындағы картоп шіріп жатыр

08.12.2022

Ақтөбе облысының тұрақтандыру қорындағы картоп биыл да шіріп жатыр. Былтыр жылы қоймаларға 1 мың тоннаға жуық картоп салынып, арзан бағаға сатылған. Бірақ, сапасыз өнімге сұраныс аз болды. Биыл жауаптылар мұндай олқылыққа жол бермейміз, жарамсыз тауар сатылмайды деп сендіріп отыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:
Былтыр тұрақтандыру қорындағы шіріген картоп тұрғындарға сатылып, арты үлкен шуға ұласқан еді. Алайда, одан бері жағдай өзгермегенге ұқсайды. Себебі, қоймадағы өнімнің сапасы қазір де сын көтермейді.

Бұл 55 тонна картоп екі ай бұрын ғана Павлодар облысынан әкелінген. Жауаптылар өнімді жеткізу барысында барлық талап сақталғанын айтады. Дегенмен, картоптың неліктен шіріп жатқанын ешкім түсіндіріп бере алмады.

Ерлан Бітімов, серіктестік директоры:
Шіріген картоп дүкендерге бармайды. Халыққа шіріген күйде сатылмайды. Бақылап, қадағалаймыз сол себептен. Мысалы, «Пригородный» ЖШС өзінің міндетіне алды.

Тұрақтандыру қорындағы көкөніс сатылымға енді шығады. Бірақ тұрғындар оның сапасына күмәнмен қарайтынын жасырмайды. Қазір әлеуметтік дүкендерде күріш, қарақұмық секілді бірнеше тағам түрі ғана саудаланып жатыр.

Қанат Айткенов, қала тұрғыны:
Мында мал жемейтін картопты әкеледі ғой негізі.  Есеп берер кезде жақсы картоп дейді, бірақ нашар. Сосын мына дүкендері салқын, оның қасында дала жылы.
Жанна Әлімова, қала тұрғыны:
Тұрақтандыру қорынан аламыз. Осы дүкенге келеміз. Жақын жерде тұрамыз. Іріктемейміз, сатып алып қояды, үйге барғанда енді бір-екеуі шығады ғой, оны жасыра алмайсыз.

Биыл тұрақтандыру қорына көкөніс алу үшін облыстық бюджеттен 388 млн теңге бөлінген. Бұл ақшаға 2 309 тонна картоп, 269 тонна пияз, 260 тонна сәбіз және 46 тонна қырыққабат алынған. Жарамсыз өнім сұрыптаудан кейін өндірушіге қайта жіберіледі. Ол орнына таза көкөніс жіберу керек немесе ақшасын қайтаруы тиіс.

Самат Жұмағалиев, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ директорының орынбасары:
Бізде келісімде 3 пайыз көрсетілген, бастапқы контрактіден қадағаланады. Қазіргі таңда павлодарлық контрактіде 55 тонна ғана. Қалғанын біз тексеріп, ары қарай айыппұлдық санкция бар, солармен жұмыс істейміз.

Ақтөбеге ауыл шаруашылығы өнімдері еліміздің оңтүстік және солтүстік аймағынан келеді. Әзірге қоймадағы өнімнің қаншасы жарамсыз екені белгісіз. Яғни, алдымен сұрыптау жұмысы жүргізілуі тиіс.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу