Петропавлда азық-түлік төмендетілген бағамен сатылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда азық-түлік төмендетілген бағамен сатылуда

28.01.2022

Өткен күзде тұрақтандыру қоры арқылы халық жиі тұтынатын картоп, ұн, қант, күріш, сұйық май сынды басқа да өнімдер молынан сатып алынған еді. Бұл тауарлар қаладағы 6 ірі дүкенде саудаланып жатыр.

Ғамали Жұмашов, «солтүстік» ӘКК» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

Тұрақтандыру қорындағы өнім келесі күзге дейін жетеді. Мәселен қазір біз тұрған қоймада 900 тонна картоп, 200 тонна орамжапырақ, тағы осынша сәбіз сақтаулы. Бұл тауарларды кез келген қала тұрғыны сатып ала алады. Шектеу жоқ. Бағасы қолжетімді.

Ал, Жамбыл облысында бағаны бақылау үшін сенім телефоны пайда болды. Оған кез-келген тұрғын хабарласып, мәлімет бере алады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараздағы шағын аудандар ішіндегі дүкендерге тосыннан кіріп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тексерді. Өйткені, сауда қызметін реттеу тәртібі бойынша сатушы тауар бағасына тек 15 пайыз ғана үстеме қоса алады. Кейбір дүкендер 25-30 пайызға дейін көтеріп жіберген. Иелеріне ескерту жасалып, шекті норманы бұзғандарға шара қолданылмақ.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу