Атыраудағы әйгілі Тұздыкөл жағалауынан салынып жатқан замануи шипажай құрылысы тоқтатылды. Аяқсыз қалған жоба қайта жандана ма?
Атырау облысында туризм саласы тұралап тұр. Өңірде көрсетуге тұрарлық орындар жетерлік. Бірақ, оларды насихаттап, көпшілікке таныстыру жағы кемшін. Тіпті, кейбір жобалар басталмай жатып аяқсыз қалған. Мәселен, талайдың дертіне дауа болған шипалы тұзды көл маңына салынуы тиіс шипажай. Қазір сауықтыру кешенінің құрылысы біржола тоқтаған.
Жандос Темірғали, тілші:
Біз қазір дала дәрігері атанған шипалы тұздыкөлдің негізгі нүктесінде тұрмыз. Бұл жерді халық «Күркіреуік» деп атайды. Бұлақ көзі астаң-кестең болып жатыр. Айнала жайраған қоқыс. Шипажай салудағы негізгі мақсат – осы олқылықты жойып, келушілерге оңтайлы жағдай жасау еді.
Көлдің қасиетін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Тұзды су құрамындағы элементтер 25 түрлі ауруға ем. Әрі мұндағы тұздың қоры әлем бойынша екінші орында.Басына сауықтыру кешенін салу – көптің сұрауы. Бірақ ел үміт артқан жоба басталмай жатып тоқтатылды. Себебі, құрылыс басталғанда көлдің ерекше қорғалатын аймақта орналасқаны ескерілмеген.
Болат Төремұратов, эколог:
Шаң тозаң, түтіннің бәрі, тамақ пісіргенде шыққанның бәрі тұздың бетіне қонады да кері әсерін тигізеді адамның ағзасына. Салынған туалеттер болатын болса, жер астымен сіңіп келіп, мында құйылады. Қардың суы жаңбыр суымен қосылып.
Өңірде туристердің сұранысына ие ондаған айшықты орын бар. Солардың бірі Қараой жазығындағы даңқты батыр Махамбет Өтемісұлының мазары. Бұл маңға апаратын жол жоқ. Түсірілім барысында бағытымыздан адасып әзер жеттік.
Жанай Амантурлин, Индер ауданының тұрғыны:
Қуанатын нәрсе жастар топ-топ болып осы Қараойға келіп жатыр. Атпен де келіп жатқандар бар. Осының өзі біздің қазақ жастарының қазір рухтанып келе жатқанының белгісі. Енді олар көп жағдайда осы Қараойды таба алмайды. Жол жоқ қысы жазы. Қыста келу тіптен мүмкін емес.
Жауаптылар саладағы проблеманың күрделі екенін жасырмайды. Туристік орындарда инфрақұрылымның жоқтығы да жағдайды ушықтырып тұр. Мемлекет басшысы өңірге келген сапарында облыстағы туризмді дамыту – маңызды міндеттің бірі екенін баса айтты. 9 ірі жоба жүзеге аспақ. 8-і инвесторлардың көмегімен. Оған 11 млрд теңгеге жуық қаржы қаралған. Ал, Тұздыкөлдің тағдыры әзірге бұлыңғыр. Арнайы жұмыс тобы құрылып, қасиетті мекеннің заң жүзінде мәртебесі қайта нақтыланбақ.
Жаннат Сабырғалиева, Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы:
Зерттеу жұмыстары оң нәтижесін беріп, Индер тұзды көлі тізілімнен алынған жағдайда алға қарай жоспарда бар. Нақты қашан екені белгісіз.
Туризмге сұраныс 3 есеге артқан. Соңғы 9 айдың өзінде өңірге 110 мыңға жуық адам келген. Жуырда орта ғасырлық Хан ордалы Сарайшық қалашығында негізгі орталықтың құрылысы аяқталады. Сонымен бірге, лотосымен талайды таңдай қақтырған Құрманғазы ауданындағы Бірлік ауылынан туристік аймақ құрылмақ.10 кәсіпкерге демалыс базасын салу үшін табиғаты ерекше аумақтан жер берілді.
Жандос Темірғали