Көкшетауда білім беру мекемелері жылуға жарымай отыр. Сондай-ақ кей шағын ауданның тұрғындары өткен аптадан бері пәтерлерінің суып кеткенін айтады.
Жылуға қатысты мәселе «Юбилейный» шағын ауданында жыл сайын туындайды. Биыл күн суытқалы жағдай тұрақты еді. Алайда соңғы бір аптада пәтерлер суып кеткен. Көпшілік күні-түні жылыту құрылғыларын пайдалануға көшті.
Ботагөз Жахинова, қала тұрғыны:
2 жылытқыш, міне өздеріңіз көріп тұрсыздар. Біраздан кейін ысығаннан кейін үйдің ішінде демалуға мүмкіндік жоқ. Тағы еще увлажнитель қосылады. Жарықпен мынаның барлығын қосқанда енді 15-20 мыңға дейін жақындайды.
Жұрттың пікірінше, Көкшетауда жылу-электр орталығы салынбай бұл мәселе түбегейлі шешілмейді.
Қанат Есмағұлов, қала тұрғыны:
Қала өсіп жатыр. Әрбір жерге кім қай жерге билігі жетеді үлкен-үлкен үйлерді салып жатыр. Содан соң біздің қазандықтар 70 жылдары салынған Застанционныйдағы оның күші жетпей жатыр.
Баспаналардан бөлек білім ошақтары да жылуға жарымай отыр. Екі бірдей мектепте 10 шақты сынып бөлмесі салқын болғандықтан, жабық тұр. Күн суыған соң кабинеттік жүйеден бас тарттық. Балалар бір сыныпта отырып оқиды, ауысып жүрмейді,-дейді ұстаздар.
Айнұр Мусина, Көкшетау қалалық білім бөлімі басшысының індетін міндетін атқарушы:
Білім мекемелерінде температура төмендеп кетті. Алайда салқын кабинеттерде оқушылар білім алып жатқан жоқ. Олар қосымша сыныптарға ауыстырылды. Орташа температура 18-20 шамасында.
Мамандардың сөзінше, ғимараттардағы ішкі желілердің тозуына байланысты қиындық туындаған. Жалпы негізгі құбырлар арқылы жылу қажетті деңгейде беріліп тұр деп сендірді олар.
Руслан Мақышев, «Көкшетау жылу» кәсіпорнының бас директоры :
Шағымдар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Әр жағдай жеке қаралады. Мамандар реттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мектептер бойынша да осындай жағдай. Кейде қысым жетпейді, кейде басқа себеп болады. Барлығын реттейміз. Ал жылу қазандығы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Жылу беруші мекеменің мамандары жағдай алдағы күндері реттеледі деп отыр. Әрбір шағым бақылауда болмақ.
Ермек Елберген