Әкімдердің ауыс-түйісі жалғасып жатыр. Бүгін Президент жарлығымен бірнеше аймақ басшысы тағайындалды. Олар кімдер? Қандай міндет жүктеліп отыр?
Нариман Төреғалиев бұдан былай Батыс Қазақстан облысының әкімі. 58 жастағы шенеунік өңір жұртына таңсық емес. Осы жердің тумасы. Аймақ ахуалын біледі, мәселелеріне қанық. Әрі бұған дейін осы облыс атынан Сенат депутаты болған. Орал қаласының әкімі қызметін де атқарған. Енді Президент жарлығымен өңірді өркендету міндеті жүктеліп отыр. Жаңа әкімді аймаққа Президент әкімшілігінің жетекшісі Мұрат Нұртілеу таныстырды.
Ал Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі қызметіне қайта тағайындалды. Ашық дауыс беру кезінде оны мәслихаттың 93 депутаты қолдаған. Ал екінші кандидат Дәулетжан Хасанов 23 дауыс жинады. Президент әкімшілігінің басшысы Нұрлан Ноғаевтың алдағы қызметіне табыс тілеп, өңірдің инфрақұрылымын жақсартып, аймақ тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелер тұрғанын еске салды.
Ал Жамбыл облысының әкімі қызметіне бүгін екі кандидат ұсынылды. Мәслихат депутаттарының ашық дауыс беруі кезінде Әлихан Балқыбеков 27, ал Нұржан Нұржігітов 164 дауыс жинап, жеңіске жетті. Сөйтіп Президент жарлығымен жауапты қызметке қайта тағайындалды. Аймақ активімен кездесуі кезінде Премьер-министр Нұржігітовты құттықтап, Жамбылға қолдау көрсетіле беретінін жеткізді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Үкімет резервінен тағы да 21 млрд қаражат бөлдік биыл. Жалпы 250 миллиардқа дейін республикалық бюджеттен Жамбыл облысына бөлінді. Бұл бірінші кезекте өңірдің инфрақұрылымын дамытуға және әлеуметтік қажеттіліктеріне жұмсалады.
Ал Ақмола облысының әкімі қызметін Ермек Маржықбаев жалғастыра береді. Облыстық мәслихат депуттарының сайлауында басым дауыс жинап, Президент жарлығымен қайта аймақ әкімі болып тағайындалды. Еңбек жолын физкультура мұғалімі болып бастаған ол бокстан спорт шебері. Кейінірек заңгер, қаржыгер мамандықтарын алып, әртүрлі жылдары аудандық мәслихат депутаты, әкім қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ Президент жарлығымен Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі болып тағайындалды. Бұған дейін де осы қызметті атқарған ол лауазымын сақтап қалды. Мамандығы тарихшы. Әртүрлі жылдары бірнеше аудан әкімдігін басқарды, мәжіліс депутаты қызметін де атқарды.
Досжан Маратұлы