Алматыда қалалық әкімдік шаһар аумағындағы 92 жер учаскесін сатып алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қалалық әкімдік шаһар аумағындағы 92 жер учаскесін сатып алады

30.11.2022

Алматы метрополитенін ұзарту үшін қалалық әкімдік шаһар аумағындағы 92 учаскені сатып алады. Қыркүйек айында қабылданған қаулыға сәйкес шаруа басталып кеткен. 2025 жылға дейін жаңа станция қолданысқа беріледі. Әрі қарай тағы бірнеше бекеттің құрылысы басталмақ. Метроны ұзарту не үшін қажет? Жоба қандай түйіткілдерді шешеді?

Қасымхан Өмірәлиев Қалқаман 2 ықшам ауданында 18 жылдан бері тұрады. Тақыр жерге үй тұрғызып, бау-бақша еккен. Осының бәрін мемлекет қажеттілігі үшін қиюға әзір. Дегенмен, әкімдік ұсынған бағаға келіспейді.

Қасымхан Өмірәлиев, қала тұрғыны:
Қазір беріп жатқан бағасы 6,5-7 млн. Қалқаманның төңірегінен ондай сотығына 6,5-7 млн теңгеге жер ала алмаймыз. Бізге шет жаққа шығуға тура келеді. Беріп жатқан ақшасына қанағаттана алмаймыз.

Қасымхан Өмірәлиев енді заңгердің көмегіне жүгініп, сотқа арызданамын деп отыр. Ал баспанасы сүрілетін кейбір тұрғындар әкімдіктің жер телімін қаншаға бағалайтынын білмей дал.

Фатима Зандарова, қала тұрғыны:
Жақсы жерде тұрып жатырмыз. Жақсы баға ұсынса келісеміз. Болмаса көреміз. 22 адам тұрамыз, үйде екі мүгедек бар. 4 отбасы тұрып жатырмыз.

Қалалық әкімдік метрополитенді ұзарту үшін 92 жер учаскесін сатып алады. Жер асты жолы Қалқаман 2 ықшам ауданындағы бірнеше ірі көшенің бойымен, Жайлы және Достық шағын аудандары арқылы өтеді. Бұл жұмыс 2025 жылға дейін аяқталуы керек.

Нұрғали Үсенов, «Метрополитен» МКМ бас инженері:
Қазір Қалқаман бекетінің құрылысы басталып кетті. Ол жерге дейінгі арақашықтық тағы екі шақырым қосылады. Содан кейін әрі қарай Қалқаман бекетінен бастап Барлық базарының тұсына дейін тағы 3 бекет қосылады деп жоспарлап отырмыз.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, бүгінге дейін метро құрылысы үшін 24 учаске сатып алынған. Тағы 68-ін сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Қазір жер асты жолы арқылы күніне 80-85 мың адам қатынайды. Егер метро Барлық базарына дейін ұзартылса, жолаушылар саны 130 мыңға дейін өседі. Бұл дегеніміз алып шаһар тұрғындарының жүріп-тұруын жеңілдетіп, кептелісті азайтуға сеп болмақ.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу