Түркістан облысында екі ауылдың халқы отыз жылдан бері сапалы ауыз суға зар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында екі ауылдың халқы отыз жылдан бері сапалы ауыз суға зар

30.11.2022

Түркістан облысы, Келес ауданында екі ауылдың халқы отыз жылдан бері сапалы ауыз суға зар. Өзбекстанмен шекаралас елдімекендерді сумен қамтуға бюджеттен 900 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Алайда геологиялық зерттеу қортындысы берген тереңдіктен су шықпай, жұмыс созылып келеді. Уәде етілген қараша айында сапалы суға қол жеткізе алмаған жұрт әлі күнге арық суын ішуге мәжбүр.

Алты мыңнан аса халық тұратын Алпамыс батыр ауылында көшелер түгел дерлік қазылып, ми батпаққа айналған. Мердігердің мардымсыз жұмысы салдарынан қазылған шұқырлар ашық-шашық күйде қалған.

Ала жаздай тоқтап тұрған жұмыс қарашаның қара суығында қайта басталған. Ал, таза су ішеміз деп жүріп балшыққа батқан халық жолдарды жөндеп берсін деген талап қойып отыр.

Зура Сұлтанбекова, ауыл тұрғыны:
Адам да түсіп жатыр. Мал да түсіп жатыр. Машина да түсіп жатыр. Қазған жерлерін жөндеп бекітпейді бұлар. Төбе-төбе, лай-лай, шұқыр-шұқыр қылып кеткен бәрін.

Ашынған ауыл тұрғындары жауаптылар мердігердің жұмысын бақылауға алсын деп талап етті. Себебі қазылған көшелер жабылмай, ұңғыма бұрғылаудан күнде жарық сөніп қала беретін болған.

Гаухар Жораева, ауыл тұрғыны:
Бұл фирма барлық жақтан жұмыс алып алған. Ана жерде істейді, мына жерде істейді. Қай жерде бақырса сол жерге барып, бастайды да кейін қайтадан жоқ. Біз айналдырған екі-ақ елдімекен, баяғыда істеп бітіріп қоятын уақыт болды.

Тұрғындардың шуынан соң ауылға мердігер компания өкілі де келді. Ауыл халқының сан түрлі сауалына жауап берудің орнына дөрекілік танытқан ол жұртпен жаға жыртысуға дейін барды.

Марат Әбітаев, мердігер компанияның сенімді өкілі:
Біз істеп кеткен көшені, біз істеп кеткен көшені жарамсыз қылып кеткен. Екі рет қазамыз, керек болса үш рет қазамыз.

Бастапқыда көрсетілген тереңдіктен су шықпай, құбырлар толық тартылмаған. Бұларды көре тұра мердігерге 700 млн теңге бергенін шенділер ашық мойындады. Тек жұмысты мерзімінен кешіктіргені үшін тиісті шара көрілетінін жеткізді.

Бақытжан Шырынбеков, Келес аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Желтоқсан айында біз қабылдау жұмыстарын жүргізбейміз. Себебі құрылыс-монтаж жұмыстары кешігуде. Ол бойынша біз желтоқсан айында талап-арыз ұсынатын боламыз. Ол талап арызда айыппұл салынады.

Айта кетейік, осыдан 11 жыл бұрын шенеуніктер дәл сол ауылды сумен қамтуға 87 млн теңге жұмсаған. Бірақ жер астынан тамшы су да шықпаған еді. Оны атқарған мердігер сотталып, тартылған құбырлар шіріп кеткен болатын.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу