Жетісу облысы Сарыөзек ауылының тұрғындары қақаған қыста тіршілік нәрінен қағылып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысы Сарыөзек ауылының тұрғындары қақаған қыста тіршілік нәрінен қағылып отыр

28.01.2023

Жетісу облысы Сарыөзек ауылының тұрғындары қақаған қыста тіршілік нәрінен қағылып отыр. Қаңтардың аязына шыдас бермеген құбырлар бірінен кейін бірі жарылып, 15 мың халқы бар елдімекенде ауыз су сағатпен берілуде. Ал кей күндері мүлдем болмай қалады. Кербұлақ ауданының орталығында бұл мәселе 50 жылдан бері өз шешімін таппай келеді, дейді өңірдегі әріптесім Қуаныш Қанатұлы.

Қазір Сарыөзек ауылындағы ең өзекті мәселесі – ауыз су. Елдімекенде жылдың төрт мезгілінде де тіршілік нәрі тапшы. Ал қаңтардың қақаған аязында жағдай тіптен қиындап кетті. Судың қысымына шыдас бермеген жерасты құбырлар қайта-қайта жарылып жатыр.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Бірнеше күн бұрын жарылған құбырды мамандар бүгін ғана жамап бітті. Ал бұл жерге осыдан он жыл бұрын жаңа ықшам ауданға салынған құбырлардың сапасы өте нашар болып тұр. Бұлар негізінен 40 жыл шыдау керек.

Сарыөзек ауылын сапалы ауыз сумен қамтамасыз жобасы 4 кезеңмен жүзеге асқан. Соңғы кезеңдегі жұмыстарға 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бірақ жұмыс мардымсыз болып, оның зардабын ауыл халқы тартып отыр.

Сағындық Әлпиев, ауыл тұрғыны:

Қиын болғанда көріп тұрсыздар ғой. Жарылып жатыр. Қысымға шыдамайды. Трубалар жіңішке. Сағат сайын өшіреді, қосады.

Чайгүл Малаева, ауыл тұрғыны:

Төрт кезең ақша бөлініп, неше түрлі подрядчиктар келіп, соны жарты жолдан тасап кетіп жатты.

Жұмысын уақытында тапсырмаған соңғы мердігермен аудан билігі дәл қазір соттасып жатыр. Бірақ қаһарына мінген қыс сот шешімін күте ме? Тұрғындарға ауыз су күнде керек.

Батырхан Тұрсынбаев, Сарыөзек ауылдық округінің әкімі:

Қазір екі водовоз екі жақ шетте Сарыөзек халқын сумен қамтамасыз етіп отыр. Әйтпесе бүгінгі күнге су бар. Түнде де су береміз, күндіз береміз. Халықтың талабынан шығып жатырмыз.

Ауылдың ауыз су мәселесін түбегейлі шешу үшін 74 шақырым құбырды қайта ауыстыру қажет. Ол үшін бесінші кезеңді қолға алып, тағы қомақты қаражатқа сұрау жасау керек, дейді атқарушы билік.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу