Алматы облысы Талғар ауданында 100-ден астам үй жарыққа жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысы Талғар ауданында 100-ден астам үй жарыққа жарымай отыр

28.11.2022

Өркениеттен қол үзген ауыл. Алматы облысы Талғар ауданында 100-ден астам үй жарыққа жарымай отыр. Әлсіз электр қуатының кесірінен тұрғындардың тұрмыстық техникалары істен шығып жатыр. Тіпті құдықтан тартып алып отырған ауыз судан да қағылған. Жол мен газ мәселесі тағы бар.

Электр қуатының әлсіздігінен зардап шегіп отырғандарың бірі – Жанар Атекенова. Айтуынша, ұл-қыздары үйде сабақ оқи алмайды. Өйткені сығырайған жарықта түк көрінбейді. Одан қалды, техникалары мен құрылғылары бірінен соң бірі күйіп кеткен.

Жанар Атекенова, ауыл тұрғыны:
Мына техника алғалы өз қызметін жасап тұрған жоқ. Ішінде артық заттарымызды салып қойдық. Мұның бәрі сувенир ретінде тұрмайды ғой. Міне мынау да нан пісіретін пешім құр тұр. Тастайын десем обал. Жасатайын десем өзінің құнын сұрап тұр.

10 жылда оңалмаған жарықтың жайы тұрғындарды әбден мезі еткен. Жыл сайын мәселе көтерілгенімен, жергілікті билік оны шешуге асығар емес.

Ауылда мүлдем жарықсыз отырғандар да бар. Өйткені барлық үйді электр тоғымен қамтуға ескі трансформатордың шамасы жетпейді. Сондықтан қуат көзін баламалы жолмен алуға тура келеді.

Серік Білдебаев, ауыл тұрғыны:
Мына акумуляторды қосамыз, ол отырып қалса күн энергиясын қосамыз. Акумуляторды машинаға апарып қуаттаймын. Сөйтіп күн көріп отырмыз енді.

Ауыл халқы тіршілік нәріне де жарымай отыр. Себебі, тоқ болмаған соң құдықтан су шығара алмай қалады.

Нұрай елдімекені қарайтын Қайнар ауылдық округі әкімінің айтуынша, мәселе трансформаторда ғана емес. Жалпы электр сымдары әбден ескіріп, тозған. Қазір оларды жаңарту жұмыстары қолға алынған.

Нұрболат Манапбаев, Қайнар ауылдық округінің әкімі:
Қазіргі таңда мына бағандар орнатылды. 15 күннің көлемінде трансформаторды қосып, ауылды екіге бөлеміз. Сосын сығырайған мәселесі шешіледі. Сосын балансқа алу жұмыстарын жүргіземіз.

Қазір ауылда 25 үй электр қуатын жеке компанияның желісінен алып отыр. Тиісінше тоқтың әр киловатына 45 теңгеден төлейді. Әкім мәселені жылдың соңына дейін толықтай шешеміз деп уәдесін берді. 1000-нан астам тұрғыны бар елдімекенде басқа да проблема көп. Жол, газ тіпті мектеп жоқ.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу