Павлодарда сонау 30-шы жылдары салынған ескі үйлер сүріле бастады. Бөренеден тұрғызылған баспаналарда осы күнге дейін электр қуатынан басқа өркениеттің ешбір нышаны болған емес. Президент тапсырмасынан кейін тұрғын үй құрылысына қаржы салатын инвестор табылып, жұмыс басталып кетті.
Қаланың дәл орталығындағы ескі шағын ауданның енді жаңа тынысы ашылып, өзгеше кейіпке енеді. Қазір бұл жерде 24 пәтерлік екі үй сүрілді.
Болат Аманбаев, тілші:
Бұл өткен ғасырдың 30-ші жылдары салынған үйлер. Мына бөренелер сонау Сібірде шабылған. Қанша мықты болғанымен қазір қаусап тұр. Оның үстіне бұл үйлерде пәтер иелері кооперативтері ешқашан болмаған. Соның салдарынан ішкі инженерлік желілері де жарамсыз.
Суды тұрғындар тасып ішеді. Қыста от жағады. Кейбір үйлердің төбесі опырылған соң адамдар көшіп кетті.
Анна Гаврилюк, қала тұрғыны:
Біздің үйімізді бұзып жатыр.Бірақ өкініш жоқ. Жанды, қирады не болмады бұл үйге. Бос қалған кейбір бөлмелерге үй-күйсіз жүрген қаңғыбастар кіріп алды. Қауіпті болатын бұл жерде тұру.
Рас, бұл ауданды жаңарту шаһардың көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысын дамыту тұжырымдамасында бекітілген. Бірақ жұмыс екі жылдан кейін басталы тиіс еді.
Асхат Бейсенов, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі:
Әбден ескірген екіқабатты 20 үйді бұзып, олардың орнына тоғыз қабатты 7 үй салуға детальды жобалау жоспары дайын. Бірақ мемлекеттік бағдарлама бойынша іске асырылатын болса әлі де бірнеше жыл күту қажет болатын еді. Сондықтан бұл аудан жеке инвесторларға ұсынылды.
Оларға қойылған басты талап, ескі үйлердегі тұрғындарды баспанамен қамту.
Әлия Жүсіпова, Құрылыс компаниясының өкілі:
Ескі үйлердің иелеріне қазір пәтер жалдап бердік. Болашақта оларға бір бөлмелі 45 шаршы метрлік пәтер беріледі. Ескі үйлерде олардың пәтері 18-ақ шаршы метр болды. Бір бөлме. Оларда ешқандай орталықтандырылған коммуникация болған жоқ. Қазір енді заманауи жақсы үйлер беріледі.
Жаңа үйлер келесі жылы тапсырылады. Бірінші қабатында дүкен, сұлулық салоны, балалар орталығы сынды коммерциялық нысандар болады. Оларға инвестор иелік етеді. Демек ол ауланы абаттандыру, көшелерді кеңейтіп, демалыс аймағын жасауға да мүдделі болмақ.
Болат Аманбаев