Астана іргесінен жаңа қалашық бой көтереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана іргесінен жаңа қалашық бой көтереді

09.10.2018

Сербиялық делегацияның ресми сапары түстен кейін бизнес форумға жалғасты. Онда Қазақстан мен Сербия арасында 4 меморандумға қол қойылды. Олардың ішінде әуе тасымалы мен құрылыс және жастар саясаты саласындағы әріптестік құжаттары да  бар.

Сербия Қазақстан экономикасына бүгінге дейін 39 миллион доллардан астам инвестиция құйған. Сауда-саттық, алыс-беріс белсенді болмаса да оны дамытуға мүмкіндік мол. Бизнес форумға екі елдің 100- ге жуық  кәсіпкерлері қатысты. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев серб кәсіпкерлеріне біздегі бизнес климат пен мемлекеттік қолдау құралдары туралы  айтып берді. Сербия президенті де қазақстандық кәсіпкерлерді әріптестікті арттыруға шақырды.

Александр Вучич, Сербия Республикасының президенті:

- «Doing Business» рейтингісінде біз тап Қазақстаннан кейін орналасқанбыз. Яғни, бізде де бизнес жүргізу жеңіл. Сондай-ақ, бізде инвестицияларға мемлекеттік субсидиялар қарастырылған. Біз бизнестің кез келген бастамасын қолдауға дайынбыз.

Бизнес форумда екі ел кәсіпкерлері  химия өндірісі мен туризм, медицина және құрылыс саласындағы жобаларды пысықтады. Мысалы, серб инвесторлары елорда іргесінен тұрғын үй алқабын салуға ниетті.

Драгомир  Карич, Сербия Республикасы парламентінің депутаты:

- Біз бүгін миллион шаршы метр болатын қалашықтың іргетасын қаладық. Ол 62 гектардағы алып Есіл жағасындағы  спутниктік қала болады. Бұл қала ішіндегі қала болады деп сеніммен айта аламын. Инвестиця  көлемі 1 миллиард 200 миллион АҚШ доллары көлемінде.

Бұдан бөлек, министрліктер арасындағы 4 меморандумға қол қойылды. Оның ішінде әуе қатынасындағы әріптестік пен құрылыс саласындағы тәжірибе алмасу, ветеринарлық қызмет пен жастар саясаты саласында құжаттар бар.

Бизнес форумда серб қаржыгерлері мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы арасында да кездесу өтті. Онда қаржы орталығының қызметі таныстырылды. 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу