Ел ерлікпен көз жұмған Асқар Забикулинді ақтық сапарға шығарып салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел ерлікпен көз жұмған Асқар Забикулинді ақтық сапарға шығарып салды

22.11.2022

Бүгін Көкшетауда ел ерлікпен көз жұмған Асқар Забикулинді ақтық сапарға шығарып салды. Ол Астанада болған өрттен үш адамды құтқарып қалған. Бірақ, денесін 80 пайыз күйік шалып, жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер қанша күрескенімен, батырды ажалдан арашалай алмады. Асқар Забикулин Ақмола облысындағы өзінің туған ауылында жерленді.

Батыр кетіп барады... Ақтық сапар, қоштасу рәсімі. Ол небары 28 жаста еді. Артында жұбайы мен екі қызы қалды. Асқар бала кезінен өзгеге жақсылық жасап, үнемі көмек беруге құштар болған. Бойындағы қасиет пен арманы астасып, оқушы кезінен құтқарушы болуды мақсат етіпті.

Бақытгүл Манашова, сынып жетекшісі:

11-сынып бітірген кезде видеосы да болған, менен тығылып, мен ұрсады деп, өрт сөндірушілердің заттарын алып, видеолар түсіріп, соңғы қоңырауда соларды көрсеткен. Сол кезден ол соған бейім болды.

Мектептен кейін Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты Көкшетау техникалық институтына түскен. Оқуын аяқтап, Астанада өрт сөндіру постының қарауыл басшысы ретінде еңбек жолын бастайды.

Өмірбек Төлеубаев, курстасы:

Ол өте ашық жігіт еді. Барлығына көмектескісі келіп, ешқашан ашуланбай, түгеліне көмектескісі келіп тұратын. Толқып тұрмын расында, барлығының қайғысына ортақпыз. Өзіміз мақтан тұтамыз сондай батыр, абыройлы жігітпен оқығаныма.

Алапат өрт Астана қаласының Момышұлы даңғылындағы 15 қабатты үйде шыққан. Асқар пәтерге терезе арқылы кіру үшін арқанмен 12-қабаттан 11-қабатқа түскен. Ішке енгенде үстіндегі киімі күйіп жатса да, пәтердегі 80 жастағы әжей мен 22 жастағы немересін құтқарған. Сонымен бірге, қою түтіннен шыға алмай, балконға жасырынып қалған 10 жасар баланы да шығарып үлгерген. Өз өмірін қауіп-қатерге тігіп, өрттің өтінен үш бірдей өмірді сақтап қалды.

Света Нұртазина, өртенген пәтердің иесі:

Құран кітапты алып барып, санитаркадан беріп жібердім. Осыны баланың басына қойыңдаршы, Құдайдан тілеп жазылып кетсін деп. Неше түрлі сөздер жазылып жатыр. Мен ол өртті шақырған жоқпыз біз. Айтарым сол әке-шешесіне, сабыр сақтасын, сіздердің балаларыңыз батыр. Мықты бала. Мықтылығынан осындай жұмыста жүрген шығар ол. Оның істеген ісін одан басқа ешкім істемеді. Артында қалған ұрпағы аман болсын!

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана қаласындағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылады. Оның есімі мен ерлігі халқының мәңгі жадында. Тәуелсіздік алған жылдан бері Қазақстанда 56 өрт сөндіруші қызмет барысында қаза тапқан. Асқар бұл мамандықтың қауіпті екенін біле тұра таңдады, жалақысы төмен болса да, өрттің өтінде жүрсе де тастамады, соңғы деміне дейін антына адал болды. Асқар батырлықтың асқар биігін көрсетті. Жалында кеткен жас ғұмыр...

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу